Америкада Қазақстанның мемлекеттік қарызы жайлы айтылды
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин АҚШ Сауда палатасы жанындағы Қазақстан-Америка іскерлік кеңесініне (USKZBC) қатысып, Америка бизнесі мен Қазақстан экономикасының байланысын талқылады.
Сонымен қатар алқасөзде Қазақстанның қарызы жайлы сөз болды. Бұл жайлы министрлік былай деп жазды:
Қазақстанның мемлекеттік борышы консервативті деңгейде және ЖІӨ-нің 22,2%-ын немесе $61 млрд. Әлем елдерінің 78%-ында мемлекеттік борыштың ЖІӨ-ге қатынасы бұл көрсеткіштен асып кетеді.
Соңғы 20 жылда елімізге $400 млрд-тан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Бұл жыл сайын орта есеппен $20 млрд-тан асады.
Инвестиция түрлі секторларға бағытталған. Бұл инвестицияның үштен бірінен азы тау-кен өнеркәсібіне тиесілі. Қалғаны – өңдеу өнеркәсібі, қаржы және сақтандыру қызметі, құрылыс және көлік салаларында.
Қазақстан экономикасы үшінші жыл қатарынан 5%-дан жоғары тұрақты өсімді көрсетіп отыр: 2023 жылы – 5,1%, 2024 жылы – 5%, осы жылғы 9 айда – 6,3%, бұл – әлемдегі ең жоғары көрсеткіштің бірі.
Министрдің хабарлауына қарағанда, Қазақстанның несие қабілетті жоғары, бұл хақында жетекші рейтиң агенттіктері растаған:
Қазақстанның S&P, Fitch және Moody’s инвестициялық рейтингтері бар, бұл ретте жақында S&P болжамын «оңға», ал Moody’s өткен жылы «Baa1» деңгейіне дейін көтерді.
Министр алдағы бес жылда құны шамамен $100 млрд болатын жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр деп хабарлады. Энергетика мен коммуналдық инфрақұрылымға ерекше назар аударылатынын айтты.
«Ірі жобаларды жүзеге асыру үшін біз салалық тәжірибесі бар халықаралық жетекші компанияларды шақырамыз. Олардың қатысуы өндіріс тиімділігін арттыруға ғана емес, адами капиталды дамытуға, жаһандық тізбектермен интеграциялауға және Қазақстанның сенімді әріптес ретіндегі беделін нығайтуға ықпал етпек», — деп атап өткен Серік Жұманғарин америкалық компанияларды өзара тиімді ынтымақтастыққа шақырды.
Орайы келгенде айта кетелік, Қазақстанда америкалық капитал қатынасқан 600-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың ішінде Chevron, ExxonMobil, General Electric, Pfizer, Honeywell, Coca-Cola, PepsiCo, John Deere бар. Негізінен алғанда, Америка бизнесі қаржы мен энергетика саласы, машина жасау, фармацевтика және логистика сынды негізгі салаларды қамтиды.