Қоғам белсендісі әрі математика пәнінің мұғалімі Дархан Ардақұлы есімді азамат медиада жариялаған талабы үшін 15 тәулікке қамауға алынды.

Өзінің бейнежазбасында Алматыда жаңадан ашылатын 215 мектептің тек қазақ тілінде білім беруін талап етіп, қала әкімі Дархан Сатыбалдыға өтініш жасаған. Қоғам белсендісі қамауға алынуымның себебі митингке шақырды деп айып тағылуы, деді өзінің Facebook парақшасында.

Еске сала кетелік, Алматыда №215 мектептегі орыс сыныбының ашылуына ата-аналар да қарсы шықты, бұл туралы POLITICO.KZ саяси-әлеуметтік порталы хабарлады.

Ата-аналардың негізгі талабы – мектепте қазақ тілінде ғана білім беру. Бұған дейін тек қазақ тілінде сабақ өткізіп келген №215 мектепті аралас форматқа көшіру жоспары қоғамда наразылық тудырды. TikTok-та ата-аналар бейнеүндеулер жариялап, сондай-ақ 2ГИС платформасында пікір қалдырып, мектептің қазақы болмысын сақтауды сұрап отыр.

Наразы тараптың айтуына қарағанда, бұл ауданда орыс тілді мектептер жеткілікті. Мәселен жақын маңда №125 мектеп пен №38 гимназия бар. Сондықтан тағы бір білім ордасын аралас мектепке айналдырудың қажеті жоқ деп есептейді. Олар балаларын тек қазақ тілді ортада тәрбиелегісі келетінін атады.

Алматы қаласы Білім басқармасының 2024 жылғы дерегіне сәйкес, қалада барлығы 343 мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде 216-сы – мемлекеттік: 77 мектеп қазақ тілінде, 59-ы орыс тілінде, тағы 77-сі аралас форматта білім береді. Бұдан бөлек, 3 мектеп ұйғыр тілінде оқытады. Жекеменшік секторда 127 мектеп бар. Оның 54-і орыс тілінде, 36-сы аралас, 33-і қазақ тілінде, ал 4 мектеп ағылшын тілінде сабақ өткізеді. 2025 жылы Алматыда 7 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 4 мектептің құрылысы аяқталуға тиіс.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай