Араға он жыл салып, трамвай Алматы көшелерінде қайта қозғалысын бастайды. Бұл туралы «Алматыбасжоспар» бас директоры Асхат Сәдуов SHARE халықаралық сәулетшілер форумында мәлімдеді.

Оның айтуына қарағанда, жаңа трамвай бағыты «Барлық» базарынан басталып, Төле би көшесі бойымен әуежайға дейін созылады. Жоба арқылы қаланың батысы мен шығысын байланыстырып, тұрғындардың 20 минут ішінде қаланың бір басынан екінші басына жетуге мүмкіндік беру көзделіп отыр.

Қазір техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр. Жобаны қаржыландыратын мердігер табылған кезде іс жүзеге асатыны белгілі болды.

BRT немесе трамвай?

«Алматыбасжоспар» бас директоры Асхат Сәдуовтың айтуына қарағанда, Райымбек даңғылы бойында салынып жатқан жаңа BRT желісі қажет болған жағдайда трамвайға бейімделуі мүмкін.

«Трамвай BRT-ге қарағанда көбірек жолаушы тасымалдайды. Сондықтан қажет болған жағдайда бұл желіні трамвай бағытына айналдыруға болады», – деді директор.

Сәдуов қазір трамвайлар электробустардағы секілді аккумулятормен жабдықталатынын, сондықтан бұрынғыдай қауіп жоқ екенін атады.

«Қазір технология дамыды. Трамвай бұрынғыдай көп энергия тұтынбайды. Энергия үнемдеу үшін түрлі әдістер қолданып жатыр», – деп қосты Сәдуов.

Еске салсақ, BRT құрылысы биыл 23 сәуірде басталды. Жұмыс әлі жүріп жатыр, 2025 жылдың соңына дейін жалғасады. Жолдың жалпы ұзындығы – 16,5 шақырым.

BRT – бөлек жолақтары бар, арнаулы қиылыстары және «ақылды» бағдаршамдары бар жылдам автобус жүйесі.

Айта кетелік, Алматыда трамвай қозғалысы 2015 жылы тоқтаған еді. Сол жылы күзде бір трамвайдың тежегіші істен шығып, 17 көлікке соғылған. Араға үш апта салып, тағы бір трамвай 14 автокөлікті соғып, апатқа ұшырады. Осы оқиғалардан кейін қалада трамвай қызметі тоқтады.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай