«Айыппұл көбейсе де, салықтан түсетін қаржы азаяды». 2026 жылы Ұлттық қор табысы тарылады деп хабарланды
2026 жылы Қазақстанның Ұлттық қорының кірісі 759 млрд теңгеге азаяды деп хабарланды.
2026 жылы Қазақстанның Ұлттық қорының кірісі 759 млрд теңгеге азайып, 2025 жылғы 4 трлн 884 млрд 384 млн теңгеден 4 трлн 124 млрд 914 млн теңгеге дейін төмендейді. Қысқару көрсеткіші 15,6% болады. Бұл кездейсоқ ауытқу емес, қордағы кіріс базасының жүйелі түрде тарылып кетуі. Оның басты себебі — салық түсімдерінің азаюы мен салықтан тыс көздердің жоғалуы, деп жазады Сұлтан Уәлиханов.
Қордың барлығы дерлік салықтар есебінен қалыптасады. 2026 жылы салық түсімдері 4 трлн 123 млрд 838 млн теңге боладыү
Қор қоржыныа басқа қаржы көздер — жер сату, активтер немесе айыппұлдар әсер етпейді. Себебі үлесі аз. Ұлттық қор, шын мәнінде, салық ағындарының күретамыры. Салық ағыны азайса, қор да солармен бірге қысқарады.
Негізгі төмендеу корпоративтік табыс салығына тиесілі. 2025 жылы ол қорға 1 трлн 687 млрд 729 млн теңге әкелген, ал 2026 жылы тек 1 трлн 427 млрд 706 млн теңге түседі деп болжанып отыр.
Екінші маңызды бап — табиғи және басқа ресурстарды пайдалану төлемдері. 2025 жылы бұл бағыт бойынша қорға 3 трлн 194 млрд 903 млн теңге түскен, ал 2026 жылы 2 трлн 696 млрд 132 млн теңге түседі деп болжанып отыр.
2025 жылы Ұлттық қордың құрылымында салықтан тыс түсімдер де болған — 691 млн теңге, негізінен мұнай секторы ұйымдарына салынған айыппұлдар мен өсімпұлдардан түскен. 2026 жылы бұл бап мүлде жойылады. Жаңа бюджетте «Салықтан тыс түсімдер» деген жол да жоқ. Қор тұрақты емес көздерді есепке алуды тоқтатады, құрылымын болжамдырақ, бірақ сонымен бірге тар етіп жасайды. Бір жағынан, бұл жоспарлауды жеңілдетеді; екінші жағынан — жүйені икемділіктен айырады.
«Нарық» порталының жазуына қарағанда, жер мен материалдық емес активтерді сатудан түсетін капиталдық түсімдер 2026 жылы 60 млн 793 мың теңгеден 76 млн 133 мың теңгеге дейін өседі, яғни 15 млн 340 мың теңгеге немесе 25,2% артады. Бұл пайыздық тұрғыдан айтарлықтай жақсы көрінеді, бірақ нақты көлемде мәні шамалы. Мұндай кірістердің үлесі екі жүзден бір пайыздан да аз. Бұл қордың жалпы жағдайына әсер етпейді.
Мемлекеттің қаржылық активтерін сатудан түсетін кіріс екі жыл қатарынан өзгеріссіз қалады — 2025 және 2026 жылдары 1 млрд теңгеден. Бұл — ел ішіндегі мемлекеттік үлестер мен акция пакеттерін сату. Бұл бап тұрақты, бірақ оның салмағы аз. Қор аясында ол экономикалық фактордан гөрі техникалық элемент ретінде көрінеді.
Барлық бапты біріктірсек, қордың құрылымы барынша шоғырланған болып көрінеді. 2026 жылғы 4 трлн 124 млрд теңге түсімнің 4 трлн 123 млрд — салықтар. Активтер мен жер сатудан түсетін табыс небәрі 1 млрд 76 млн теңге шамасында. Ұлттық қор толығымен дерлік корпоративтік сектор мен табиғи ресурстарға тәуелді салықтық механизм болып қала береді.
Егер сандарды пропорцияға айналдырсақ, 2026 жылы Ұлттық қорға түскен әр 100 теңгенің шамамен 34 теңгесі корпоративтік салықтан, 65 теңгесі табиғи ресурстар үшін төлемнен, ал бір теңгеден аз бөлігі қалған барлық көздерден түседі, деп жазды сарапшылар.
Үш негізгі факт жалпы процесті көрсетеді. Біріншіден, Ұлттық қордың жалпы кірісі 759 млрд теңгеге азайып, 15,6% төмендейді. Екіншіден, корпоративтік салық пен табиғи ресурстар үшін төлемдер шамамен бірдей — 15% қысқарады. Үшіншіден: салықтан тыс кірістер толығымен жойылады, ал активтер мен жер сатудан түсім өзгеріссіз және көлемі бойынша елеусіз қалады. Соның нәтижесінде қор құрылымы одан әрі тарылып, бір ғана кіріс санатына — салықтарға тәуелді болады.