Абайдың 180 жылдығына арналған «Абай академиясы» порталы ашылды

Биыл ұлы Абайдың туғанына 180 жыл толды. Осыған орай Семей қаласында ойшылдың мерейтойына әзірленген «Абай академиясы» танымдық порталының таныстырылымы өтіп, тұсауы кесілді. Жаңа форматтағы жобаның мазмұны Абайдың өмірі мен шығармашылығына, ақынды зерттеген тұлғалар мен басқа да пайдалы контентке арналған.
Сайт бірнеше ашық бөлімнен тұрады
Сайттың «Ғұмырнама», «Кітапхана», «Абайтану», «Педагогика», «Медиа», «Музей», «Авторлар» және тағы да басқа ашық бөлімдері бар. Авторлар қатарында Абай жайлы жазып, өмірін Абайтануға арнаған тұлғалардың өмірбаяны мен бейнелері жинақталған. Мәселен, Мұхтар Әуезов, Мұхтар Мағауин, Кәкен Қамзин, Ақселеу Сейдімбек, Зейнолла Қабдолов, Ислам Жеменей, Мекемтас Мырзахметов сынды жазушы, сыншы, ғалымдарды табуға болады.
фото: abaiacademy.kz
Жоба авторларының айтуына қарағанда, портал жасқа да, кәріге де түсінікті. Әр адам өзіне керегін таба алады. Сондай-ақ сайтқа жүктелген жұмыс библиографиялық тәртіп бойынша орналасады. Бұл арнаулы ақпаратты немесе қажет деректі лезде табуға қолайлы. Ал алдағы уақытта хакім Абайға арналған порталды заманиландыру үшін чат ботты іске қосу жоспарда бар. Бұл сұрақ қоюшыға жауапты Абайдың өзі бергендей әсер қалдырмақ.
Портал кітапханасының қорында шамамен 2 мың кітап бар. Болашақта бұл қор жаңа туындылармен толығып, жаңартылады. Қорда сирек кездесетін кітаптар мен архив құжаттарын таба аламыз. Пайдаланушыларға мұрағат материалдарын электронды форматта қарау мүмкіндігі ұсынылған.
фото: abaiacademy.kz