Ақтауда Mangystau International Tourism Forum өз жұмысын бастады

Ақтауда Mangystau International Tourism Forum өз жұмысын бастады. Ауқымды шара Туризм және спорт министрлігі мен Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып, оған халықаралық ұйымдардың өкілдері, соның ішінде ТҮРКСОЙ мен Экономикалық ынтымақтастық ұйымы, сондай-ақ мемлекеттік құрылымдар, бизнес өкілдері, инвесторлар және сарапшылар қатысуда. Форумның басты мақсаты – өңірдің туристік және инвестициялық әлеуетін кеңінен таныстыру, Орталық Азиядағы туризмді дамыту бағыттарын талқылау және халықаралық ынтымақтастықты одан әрі күшейту. Бағдарлама аясында инвестиция тарту, көлік қолжетімділігін арттыру, медициналық, оқиғалық және жаппай туризмді дамыту мәселелері талқыланатын пленарлық отырыстар өтуде.
Форумның ашылуында сөз сөйлеген Ербол Мырзабосынов туризмді дамыту мемлекеттің басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, ішкі және келу туризмін қолдау, қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру және бизнеске жаңа мүмкіндіктер ашу мақсатында нақты шаралар қолға алынғанын жеткізді. Оның айтуынша, биыл Маңғыстау облысын дамытудың 2025–2029 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітіліп, жалпы құны 401 млрд теңгені құрайтын жүзден астам іс-шара қарастырылған. Бұл форум өңір үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын маңызды қадам болмақ.
Қазақстанға шетелдік туристерді тарту бағытында да айтарлықтай жұмыс атқарылып жатыр. Қазіргі таңда елімізге 87 елдің азаматы визасыз кіре алады, 30 мемлекетпен тікелей әуе рейстері ашылған. Сонымен қатар «әуе кеңістігінің бесінші еркіндігі» режимі енгізілген, бұл шаралар халықаралық саяхатшылар үшін елдің тартымдылығын айтарлықтай арттырады. Экономикалық ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысының орынбасары Жандос Асанов Қазақстанның аймақтағы көшбасшылық рөлін атап өтіп, туризмді инклюзивті әрі тұрақты дамудың негізгі тетігі ретінде дамытуға деген елдің тұрақты ұстанымын ерекше атады.
Өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай да форумда сөз сөйлеп, Маңғыстаудың тек мұнай мен газ емес, ерекше табиғи және мәдени мұраға ие аймақ екенін айтты. Оның сөзінше, облысты туристер мен инвесторлар үшін тартымды орталыққа айналдыру бағытында жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Дегенмен экологияға зиян келтірмеу және ұлттық құндылықтарды сақтау басты назарда болуы тиіс. Қазіргі міндет – қазақтың дәстүрлі заңдылықтары мен мәдениетін сақтай отырып, туризмді барынша дамыту.
Маңғыстау өңірі Қазақстанның туристік картасында айрықша орынға ие. Каспий теңізінің жағалауы, Бозжыра мен Қызылкүп шатқалының қайталанбас көріністері мен бай тарихи-мәдени мұрасы аймақты Орталық Азиядағы ең әлеуетті туристік бағыттардың біріне айналдырады. Соңғы жылдары туризм саласына қомақты инвестиция тартылуда: 2020 жылдан бері өңірге 4,1 трлн теңге құйылып, бұл сала негізгі бағыттардың біріне айналды. 2024 жылдың өзінде туризм айтарлықтай серпін алған. Алдағы жылдары жалпы құны 400 млрд теңгеге жуықтайтын 133 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Олардың қатарында Кендірлі курорттық аймағы мен «Теплый пляж» кластерінің дамуы бар. Қазіргі қолданыстағы нысандардың ішінде Rixos Water World Aktau мен Tethys International Theme Park айрықша орын алады. 2025–2027 жылдары Swiss Hotel, гольф-клуб, Town Center, TARY және Bozjyra визит-орталықтары, сондай-ақ Ayrakty Safari Hotel мен Bozjyra Safari Hotel секілді жаңа жобалар іске асырылмақ.
Mangystau International Tourism Forum Қазақстанның және бүкіл өңірдің туризм саласына тың серпін беріп, халықаралық әріптестікті нығайтуға әрі инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашатыны күтілуде.