Жыл басында әлем АҚШ пен Венесуэла арасындағы бұрын-соңды болмаған шиеленіске куә болып отыр. АҚШ әскері Қарақастағы және елдің басқа да өңіріндегі әскери нысандарға шабуыл жасап, Дональд Трамп Венесуэла басшысы Николас Мадуро мен оның жұбайы ұсталды деген ақпарды мәлім етті. Қос тарап арасындағы дауға АҚШ-тың Кариб теңізі аймағында бақылауын күшейтіп, Венесуэланың экономикасына жанама әсер етуі және өндірілетін мұнайды заңсыз иемденіп алуы себеп болды. Бұл туралы New York Times агенттігі жазды.

Венесуэлада әлемдегі ең ірі мұнай қоры бар ел қатарында. Сарапшылар жанар жағармай қорын шамамен 300 миллиард баррель деп бағалады. Оның басым бөлігі ауыр және өндіруге күрделі шикізат саналатын Ориноко белдеуінде орналасқан. Бұл қор жаһандағы энергетика нарығына стратегиялық маңыз беретін ресурс. Алайда нақты өндіріс шығыны нарықтағы кірістен әлдеқайда көп, себебі енгізілген баж салығы, ескірген инфрақұрылым және ауыр мұнайды өңдеудегі материалдық кризис өндірісті шектеп отыр.

дереккөз: https://t.me/BIoomberg/44318 

АҚШ Венесуэланың энергетика секторына ықпал ету үшін экономикалық қысым көрсетіп, санкция салу саясатын қатар қолданып келеді. Трамп әкімшілігі әскери әрекеттің мақсаты – Венесуэла басшылығы есірткі саудасымен байланысы барын әшкерелеп, сондай-ақ АҚШ-тың ішкі, сыртқы әлеуетін қорғау деп түсіндірді. Сонымен қатар Вашингтон венесуэлалық мұнай тасымалына санкцияларды күшейтіп, танкерлердің жолын бөгеп, кейбір кеме жүктерін тәркіледі. Бұл Венесуэланың негізгі кіріс көзі болған мұнай табысын едәуір азайтты.

Халықаралық сарапшылар мен сыншылар АҚШ-тың әрекеті тек қауіпсіздікпен шектелмейді, мұнда энергетика ресурстарына деген мүдде де айқын байқалады деп есептейді. Бірқатар басылымда Қарақаста саяси өзгеріс болса, Ориноко аймағындағы кен орындарын игеруге америкалық Chevron сынды мұнай компаниялары тартылуы мүмкін деп жазылды. Әлемдегі ірі энергетика ресурсына бай жер ретінде бұл аймақ АҚШ пен басқа державалар үшін де стратегиялық маңызға ие.

Мадуро билігі АҚШ-тың іс-қимылын ашық агрессия және елдің табиғи байлығын иемдену мақсатындағы әрекет деп бағалайды. Венесуэла қарулы күшін жұмылдырып, ішкі қауіпсіздікті күшейтті. Қытай мен Ресей сынды елдер АҚШ-тың әрекетін халықаралық құқықты бұзу деп айыптады. Ал мұнай экспорты Венесуэла экономикасын құлдыратпай ұстайтын және қазіргі биліктің жұмысын тоқтатпауға себеп болып қалмақ. Егер ел билігі басты энергетика көзінен айырылса, елдегі әлеуметтік тұрақсыздық күшеюі мүмкін.

Венесуэладағы жағдай геосаяси текетірестен туған дау ғана емес, әлемдегі ең ірі мұнай қорын бақылауға деген ашық таласқа айналды. Санкция мен технология жетіспеушілігі мұнай ресурсының құнын төмендеткенімен, Венесуэла экономикасы тікелей аталмыш шикізатқа тәуелді болып отыр.

Еске сала кетелік, 3 қаңтар түнде АҚШ Венесуэлаға қарсы әскери шабуыл жасады. Қарақас пен елдің басқа да өңіріндегі нысандарға әуе соққылары жасалды. АҚШ президенті Дональд Трамптың мәлімдеуіне қарағанда, қарулы қақтығыс кезінде Венесуэла басшысы Николас Мадуро мен оның жұбайы ұсталып, елден кетті. Венесуэла билігі елде төтенше жағдай енгізіп, қарулы күштерді мобилизациялады және АҚШ әрекетін әскери агрессия деп таныды. Халықаралық қауымдастық өкілдерінің бір бөлігі АҚШ тарапын қолдаса, енді бірі Мадуро режиміне қарсылық танытты.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай