АҚШ вице-президенті Ресейге келіссөзден бас тартқаны үшін ескерту жасады

Джей Ди Вэнс журналистерге АҚШ президенті Дональд Трамптың Ресейге қатысты ойы өзгере бастағанын мәлімдеді. Вице-президенттің айтуына қарағанда, Ақ үй басшысы Владимир Путинге Украинаға қарсы соғысты шұғыл тоқтату қажет деп белгі беріп отыр.
«Егер ресейліктер бейбіт келіссөзден бас тартса, бұл олардың елі үшін қиын болады. Бұл ұстанымның өзгеруі емес, шындықты мойындау», — деді вице-президент.
Еске сала кетсек, бұған дейін Владимир Зеленский бейтарап елдерде, соның ішінде Қазақстанда да, Путинмен кездесуге дайын екенін айтты. Ал Кремль өкілі Дмитрий Песков ұсынылған елдердің кейбірі Ресей үшін «мүлде қолайсыз» екенін жеткізді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан қақтығыста делдал емес екенін атап өткен еді, алайда екі ел басшысының кездесуі үшін алаң мен барлық жағдайды ұсынуға дайын екенін білдірді.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай