АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстаннан келетін тауарларға 25% көлемінде импорттық баж салығын енгізді. Бұл туралы ол Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы хат жолдады. Жаңа тариф 1 тамыздан бастап күшіне енуі мүмкін. Бұл өзгерістің ел экономикасына қандай әсер тигізеді? 

Экономика сарапшысы, белгілі журналист Айбар Олжайдың айтуына қарағанда, АҚШ енгізген баж салығының Қазақстан экспортына ешқандай әсері жоқ. Сарапшының Baq.kz платформасында бұған қатысты пікірі жарияланды.

АҚШ-тың Қазақстанға салған баж салығынан ел экспортына келіп-кетері жоқ. Ол тек дайын тауарларға салынған. Еліміздің Америкаға бір жылдық экспорты шамамен 2 миллиард доллар және оның 90%-ы ферроқорытпалар, металлдар мен уран. Ал бұлар дайын тауар болып саналмайды, сондықтан оларға бұл баж салығының қатысы жоқ. АҚШ бұл шикізаттарды стратегиялық маңызы бар деп санап, барлық салық түрінен босатқан. Сондықтан Қазақстанға де-факто ешқандай салық салынып отырған жоқ, – деді экономист.

Ол қандай жағдайда бұл салықтың ел экспортына кері әсерін тигізетінін атап өтті.

Егер Қазақстан дайын тауар шығарып, Америкаға өткізер болса ғана бұл баж салығы салынатын еді. Еліміз тек шикізат жеткізіп отырғандықтан, бізде ештеңе өзгеріп жатқан жоқ. Бұл өзгеріс тауар айналымға да, басқа да бір АҚШ-пен байланысқа да ешқандай әсерін тигізбейді, – деді Айбар Олжай.

Айта кетейік, биылғы 2 сәуірде Дональд Трамп әлем елдерінен импортталатын тауарларға ауқымды кедендік баждар туралы жарлыққа қол қойған болатын. Сол кезде Қазақстан үшін 27% баж енгізу жоспарланған. 

Алайда АҚШ қаржы нарығындағы тұрақсыздыққа байланысты бұл шараны уақытша тоқтатып, 10% базалық алымды сақтай отырып, келіссөздер жүргізуге мүмкіндік берген еді. Аталған тоқтата тұру мерзімі 9 шілдеде аяқталады.