Сауда және интеграция министрлігінің мәлімдемесіне қарағанда, АҚШ тарапынан қосымша кедендік баж салығы еліміздің экспортының 4.8%-ына әсер етеді.

Министрліктің хабарламасына сүйенсек, Қазақстан бұл мәселе бойынша АҚШ-пен келіссөздерін жалғастырып жатыр. Маусым айында қос тарап екіжақты кездесу өткізіп, өзара тиімді сауда қарым-қатынасын нығайтып, тауар тасымалының тұрақтылығын сақтау жөнінде ресми ұсыныс жолдады. Бұл ұсыныс 2025 жылғы 2 сәуірде АҚШ президенті Дональд Трамптың қол қойған жарлығына және оған енгізілген өзгерістерге негізделген.

Келіссөз кезінде екі ел сауда-экономикалық байланысын нығайтуды жан-жақты қарастырып жатыр. Қазақстан сындарлы диалогқа дайын екенін растап, АҚШ тарапы да ашықтық танытып отыр. Бұл екі ел үшін де тиімді шешімге жол ашады.

АҚШ енгізген жаңа тарифтер Қазақстаннан жеткізілетін экспорттың небәрі 4,8%-ына әсер етеді. Қалған 95,2%-ы бұрынғыдай кедергісіз экспортталады. Қазақстан АҚШ-қа мұнай, уран, күміс, ферроқорытпалар, тантал, титан, бериллий сияқты өнімдер транзиттайды. Бұл тауарлардың жаңа тариф саясатына қатысы жоқ.

Алайда кейбір өнімдерге жаңа тариф әсер етуі мүмкін. Атап айтқанда, сары фосфор, ферросилиций, линзалар, бидай глютені және аммоний нитраты. 2025 жылдың алғашқы жартысында сары фосфор экспорты 2,2 мың тоннаға жеткен (жалпы өндіріс – 43 мың тонна). Ферросилиций – 1 482,6 тонна (жалпы өндіріс – 41 830 тонна). Аммоний нитраты бойынша экспорт жоспарланбаған. Бидай глютені – 6 500 тонна немесе 8,12 млн доллар.

Бұған дейін, 7 шілдеде, АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social желісінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған хатын жариялап, 1 тамыздан бастап Қазақстаннан келетін барлық импортқа 25% кедендік баж салығы енгізетінін мәлімдеді.

Жаңа шара 70-ке жуық ел мен Еуродаққа қатысты қабылданды. Тариф мөлшері 10%-дан 41%-ға дейін жетеді. Ең жоғарғы баж салығы Сирия (41%), Лаос және Мьянма (40%), Швейцария (39%) елдеріне қойылған. Қазақстан үшін бұл көрсеткіш – 25%.

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин де АҚШ енгізген бұл тарифтерге қатысты пікір білдірді.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай