АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Дания үкіметіне Гренландияны сатып алу туралы ұсыныс білдіруді жоспарлап отыр. Бұл туралы 7 қаңтарда ел басшылығындағы дереккөздерге сілтеме жасап The Wall Street Journal және The New York Times басылымдары хабарлады.

Мәліметке сәйкес, Конгресс Өкілдер палатасының мүшелерімен өткен жабық кездесуде АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Дональд Трамптың соңғы мәлімдемелері жақын арада әскери басып кіруді білдірмейтінін атап өткен. Ақ үйдің негізгі мақсаты — Данияға саяси қысым жасап, аралды сатуға көндіру. The New York Times дерегінше, Трамп әкімшілік қызметкерлеріне Гренландияны сатып алу жоспарын әзірлеуді тапсырған.

Бұған дейін Ақ үй Гренландияны сатып алу АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі үшін басым бағыттардың бірі екенін мәлімдеген. Арал Арктика аймағында геосаяси қарсыластарды тежеуде стратегиялық маңызға ие деп бағаланады. Осыған байланысты аталған мақсатқа жету үшін америкалық қарулы күштерді пайдалану мүмкіндігі АҚШ-тың жоғарғы бас қолбасшысының құзырындағы нұсқалардың бірі ретінде қарастырылатыны айтылған.