АҚШ Гренландияны күш қолдана отырып өзіне қосуға әрекеттенер болса Данияның қарулы күштері Америка әскеріне қарсы оқ атуға міндетті. Бұл туралы The Intercept басылымына сілтеп ELORDAMEDIA хабарлайды.

Дания Қорғаныс министрлігінің өкілі Тобиас Роед Йенсеннің айтуына қарағанда, елдің әскери бөлімдері Дания аумағын, соның ішінде Гренландияны да қорғауға міндетті.

— Дат әскери құрамалары ел аумағына қарулы шабуыл жасалған жағдайда, қажет болса, саяси немесе әскери басшылықтың қосымша нұсқауын күтпей-ақ, дереу қорғаныс шараларын қабылдауға тиіс, — деді ол The Intercept порталына берген пікірінде.

Йенсен бұл талап 1952 жылы қабылданған корольдік жарлықта бекітілгенін атап өтті. Аталған құжаттың күші Данияның бүкіл аумағына, соның ішінде автономды аймақ саналатын Гренландияға да қатысты.

Бұған дейін Danmarks Radio телерадиокомпаниясы Дания Қорғаныс министрлігінің Гренландияға әскери техника мен алдыңғы шептегі бөлімшелерді жібергенін хабарлаған болатын.

14 қаңтарда АҚШ президенті Дональд Трамп тосын мәлімдеме жасады. Ол Данияның қарсылығын ескермеді, Вашингтонның Гренландияға иелік ету ниеті сақталып отырғанын мәлімдеді.

Айта кетейік, Гренландия — Дания құрамындағы автономды аумақ. 1951 жылы АҚШ пен Дания НАТО аясындағы одақтастық міндеттемелеріне қосымша ретінде Гренландияны қорғау туралы келісімге қол қойған. Аталған келісімге сәйкес, АҚШ аралды ықтимал сыртқы агрессиядан қорғау жауапкершілігін өз мойнына алған.