«Алакөл толқыны» фестивалі: мәдениет пен туризм тоғысқан айтулы жоба
Республикалық оқиғалар мен іс-шаралар күнтізбесіне Жетісу облысы тарапынан енгізілген «Алакөл толқыны» мәдени-туристік фестивалі Жетісу облысы, Алакөл ауданы, Ақши ауылындағы Алакөл көлінің жағалауында жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті.
Фестивальге Қытай, Ресей, Беларусь, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген шетелдік туристер мен қонақтар, сондай-ақ Қазақстанның әр өңірінен келген демалушылар мен жергілікті тұрғындарды қоса алғанда, 5 мыңнан астам адам қатысты. Іс-шараға 40-қа жуық блогер қатысып, фестивальдің кеңінен насихатталуына үлес қосты. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі жарияланымдардың жалпы онлайн қамтылуы 5 миллионнан астам қаралымға жетіп, фестивальдің республикалық деңгейдегі маңызын айқындады.
Фестивальдің салтанатты ашылу рәсімі Алакөл өңірінің туристік әлеуетін, табиғи ерекшеліктері мен тарихи-мәдени құндылықтарын дәріптейтін арнайы бейнероликтің көрсетілімімен басталды.

Ресми бөлімде алғашқы құттықтау сөз Жетісу облысының басшылығына беріліп, өңірде туризм саласын дамыту, туристік инфрақұрылымды жетілдіру және Алакөл жағалауын халықаралық деңгейдегі туристік бағыт ретінде дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтылды.

Одан кейін құттықтау сөз Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаевқа берілді. Мирас Қалиұлы өз сөзінде Алакөл өңірінің еліміздің туризм саласындағы стратегиялық маңызын атап өтіп, мәдени-туристік жобалардың Қазақстанның туристік имиджін нығайтудағы рөліне тоқталды. Сондай-ақ фестиваль ұйымдастырушыларына ризашылығын білдіріп, қатысушылар мен қонақтарға ізгі тілегін жеткізді.
Ресми бөлімнен кейін фестивальдің концерттік бағдарламасы басталып, Қазақстан эстрадасының танымал өнер жұлдыздары Turar (Тұрар), Ayree (Айрии) және Асель Мекебаева көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Танымал орындаушылардың сүйікті әндері Алакөл жағалауына жиналған мыңдаған көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, ерекше мерекелік атмосфера қалыптастырды.


Фестиваль аясында қонақтарға арналған ойын-сауық бағдарламасы да ұйымдастырылды. Атап айтқанда, ходулистердің әсерлі қойылымдары ұсынылып, тірі мүсіндер мен алып ойыншық кейіпкерлері өнер көрсетті. Олар фестиваль қонақтарымен емен-жарқын жүздесіп, естелік суреттерге түсіп, әсіресе балаларға ерекше қуаныш сыйлады.

Сонымен қатар көрермендердің қатысуымен интерактивті ойындар өткізіліп, белсенді қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталды. Фестиваль аумағында арнайы фотозоналар жұмыс істеп, келушілерге Алакөл жағалауындағы жарқын сәттерді естелікке айналдыруға мүмкіндік берілді.

Кеш барысында кәсіби DJ-дің қатысуымен заманауи музыкалық бағдарлама ұйымдастырылды. Әсерлі дыбыстық сүйемелдеу, лазерлік жарық шоуы мен көбікті кеш фестивальдің сәнін келтіріп, ашық аспан астындағы түнгі би алаңында мыңдаған қонақтың басын қосты.
Фестивальдің шарықтау шегі ретінде Алакөл аспанын жарқырата көмкерген әсерлі мерекелік отшашу ұйымдастырылды. Түрлі түске боялған от шашулар көл жағалауына ерекше көрік беріп, фестивальдің жарқын қорытындысына айналды.

«Алакөл толқыны» фестивалінің басты мақсаты – Жетісу облысының туристік әлеуетін кеңінен таныту, Алакөлдің халықаралық туристік бағыт ретіндегі беделін арттыру, ішкі және келу туризмін дамыту, өңірдің мәдени өмірін жандандыру және қазақстандық әрі шетелдік туристерге жоғары деңгейдегі мәдени демалыс ұсыну болды.
Мәдениет пен туризмді тоғыстырған айтулы жоба ретінде өткен «Алакөл толқыны» фестивалі өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға, Жетісу облысының оң имиджін қалыптастыруға және Алакөл жағалауын халықаралық деңгейдегі туристік орталық ретінде дәріптеуге өз үлесін қосты.