Алматы өңірінде жаңа фармацевтикалық зауыт салынады
Үкімет Алматы облысындағы «Алатау» АЭА аумағында толық циклды биофармацевтикалық кешенді салуды мақұлдады. Жобаның құны – 32,5 млрд теңге. Кешен отандық дәрі-дәрмек өндірісін дамыту және елдің фармацевтикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.
Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай:
«Жалпы жеке инвестициялар көлемі 32,5 млрд теңгені құрайды. Жаңа өндіріс жоғары технологиялық қуаттарды локализациялау және дамытуға бағытталған. Фармацевтикалық зауыт онкологиялық және сирек кездесетін ауруларды емдеуге арналған препараттар, сондай-ақ заманауи иммунобиологиялық дәрі-дәрмектер қоса алғанда, 20 атау дәрі-дәрмекті шығарады. Кешенді іске қосу 2031 жылға жоспарланған, жобалық қуатқа шығу — 2032 жыл, негізгі бағыттар бойынша толық циклге көшу — 2034 жылға белгіленген».
Өндірістен бөлек, кешен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды, өз R&D бағытын дамыту, биоэквиваленттілікті зерттеу, тіркеу құжаттамаларын дайындау және халықаралық GMP стандарттарын енгізуді қамтиды. Сондай-ақ қазақстандық мамандарды оқыту және біліктілігін арттыру жүйесін құру жоспарланған.
«Жобаны жүзеге асыру елдің дәрі-дәрмек қауіпсіздігін нығайтып, Алматы облысында заманауи фармацевтикалық инфрақұрылымды қалыптастырып, шамамен 60 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді» — деп толықтырды Үкімет.
Қазіргі таңда, Қазақстанда фармацевтикалық өнеркәсіп саласында 8 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша отандық фарма өнімдерінің өндіріс көлемі 191,1 млрд теңгені құрады, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 8,7%-ға артты. Саланың жалпы инвестиция көлемі 390 млрд теңгеден асты. Алматы облысындағы кешеннің құрылысы импортқа тәуелділікті азайту және халықты өмірлік маңызды дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету үшін басты жоба болмақ.
Дереккөзі: Kazinform