«Трамп XXI ғасырда отаршыл саясат жүргізіп жатыр». Сарапшы АҚШ президентінің мәлімдемесін талдады
АҚШ президенті Дональд Трамптың соңғы мәлімдесі мен әрекеті халықаралық құқыққа негізделген әлемдік тәртіптің әлсіреп, жаңа колониалдық саясаттың жандануына түрткі болуы мүмкін. Венесуэла президентін орнынан алып, Гренландияны меншіктеуге мүддесін білдіріп, Мексика аумағында әскери операция жүргізіп жатқан Трамп саяси көшбасшылардың сынына қалып, отаршыл саясатқа басымдық беріп отыр. Бұл туралы сарапшы Нұрмұхамед Байғараев өзінің Facebook желісіндегі парақшасында жазды.
Сарапшының айтуына қарағанда, Трамптың Венесуэла президентін тұтқындап, өзін сол елдің басшысы ретінде жариялауы халықаралық қатынаста қауіпті прецедент қалыптастырды. Халықаралық құқықтың сақталуын талап еткен мемлекеттің өзі ашық басқыншылық әрекетке барса, бұл басқа ірі державаларға да әлсіз елдерге қарсы оккупациялық соғыс жүргізуге жол ашады. Сонымен қатар бұл үрдіс геосаяси ахуалы осал мемлекеттер үшін қауіпті деп атады. Егер мұндай әрекетке біздің екі алпауыт көршіміз барса салдары ауыр болуы мүмкін.
Трамптың Мексика аумағында картельдерге қарсы әскери операция жүргізу жөніндегі мәлімдемесі де талқыға түсті. АҚШ басшысы аталмыш әрекеті үшін Мексика үкіметінің рұқсатын сұрамайтынын ашық айтты. Ал бұл саяси тұрғыда бір мемлекеттің екінші елдің егемендігіне тікелей қол сұғуы деп танылды.
Сарапшы Нұрмұхамед Байғараев Гренландияға қатысты Трамптың мәлімдемесін де ашық сынға алды.
Одан кейінгі кезекте — Гренландия. Бұл арал Данияға тиесілі, бірақ АҚШ оны тартып алуға ниетті. Трамп мұз қатқан аралды бекер көздеп отырған жоқ. Онда 17,5 млрд баррель мұнай, 4,2 трлн текше метр газ, сондай-ақ жоғары технологияға қажет сирек металдар бар. Бұған қоса, бұл бүкіл Солтүстік мұзды мұхитын бақылауға мүмкіндік беретін стратегиялық аймақ», — деді өз жазбасында
Еске сала кетелік, осыған дейін Гренландияның тағдыры жайлы жазып, оқиғаны баяндаған едік. Германия үлкен арал тарапына көмек мақсатында НАТО қолдау көрсетуге дайын «Arctic Sentry» атты бірлескен жобасын ұсынбақ. Бұл жоба Балтық теңізіндегі инфрақұрылымды қорғау үшін іске қосылған «Baltic Sentry» миссиясына ұқсас. Сарапшылар Арктика аймағының стратегиялық маңызы жыл сайын артып келе жатқанын атады, әсіресе болашақта Трансполярлық теңіз бағытының ашылса, мұзды өлкеге көп елдің көзі түседі. Дональд Трамп жексенбі күні жасаған мәлімдемесінде АҚШ Гренландияны кез келген жолмен алуға дайын екенін жеткізді. Трамптың сөзіне қарағанда, АҚШ бұл аумақты бақылауға алмаса, оны Ресей немесе Қытай иемденуі мүмкін.
«Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің әрекеті ХХІ ғасырдағы жаңа колониал саясатының моделін көрсетеді. Бұл үрдіс Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін енді қалыптасқан халықаралық құқық пен көпжақты келісімге негізделген әлемдік жүйені әлсіретіп отыр. Сонымен қатар, Біріккен Ұлттар Ұйымының ықпалы да төмендеп барады. Бұған дейін АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың «БҰҰ-ның не айтатыны маған маңызды емес» деген сөзі халықаралық институттардың рөлінің әлсірегенін айқын аңғартты. Егер әлемдік тәртіп күшке ғана сүйенетін кезеңге өтсе, жаһандық тұрақсыздық тереңдей түсуі мүмкін», — деді Нұрмұхамед Байғараев жазбасында.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай