КТК терминалы маңындағы екі мұнай танкерін дрондар атқылады.

Каспий құбыр консорциумының (КТК) терминалына мұнай тиеу үшін бет алған екі танкер дрондар арқылы атқыланды. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады.

Агенттік мәліметінше, «Теңізшевройл» (ТШО) мен «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» (KPO) консорциумы жалдаған Delta Harmony және Matilda танкерлері соққыға ұшыраған. Аталған кемелер ТШО мен KPO кен орындарынан өндірілген мұнайды қабылдауға тиіс болған.

Қазіргі таңда танкерлердің қаншалықты зақымданғаны, зардап шеккендер бар-жоғы және бұл оқиғаның мұнай жөнелту үдерісіне әсері туралы нақты ақпарат жарияланған жоқ. Ресми құрылымдар мен оператор компаниялар әзірге түсініктеме берген жоқ.

Еске сала кетелік, былтырғы 15 желтоқсандағы соққы да Каспий Құбыр Консорциумының (КҚК) Қара теңіз жағалауындағы негізгі терминалына залал тигізді. 

Интерфакс дерегіне сәйкес, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов 29 қарашадан бері өндіріс шығыны 480 мың тоннаға жеткенін айтты. Bloomberg есебіне сәйкес, бұл тәулігіне шамамен 270 мың баррель мұнайға тең. Ал биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстан 75,7 млн тонна мұнай және конденсат өндірген, бұл тәулігіне 2 млн баррельден сәл көп.

Өндірістегі шығынға қарамастан, министрлік жылдық мұнай өндіру жоспары орындалады деп отыр. 2025 жылға арналған мақсат 97 млн тонна болған еді.