Көрнекті алаштанушы ғалым, профессор Тұрсын Жұртбай атындағы «Алаштану» дәрісханасы ашылды
Семейдегі Шәкәрім университетінде көрнекті алаштанушы ғалым, профессор Тұрсын Жұртбай атындағы «Алаштану» дәрісханасы ашылды.
Аталған дәрісхана ғалымның шәкірттері – жас зерттеушілердің бастамасымен толық жөндеуден өткізіліп, заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықталған.
«Жыл басының осындай игі істермен, шынайы қуанышпен басталуы – үлкен жақсылықтың нышаны. Ұстазға, ғылымға, білімге деген шынайы құрмет осындай нақты істер арқылы көрінеді. Ашылып отырған Тұрсын Жұртбай атындағы Алаштану дәрісханасы – сол құрметтің жарқын символы. Бұл дәрісхана шәкірт жүрегіндегі ықыластан, ұстазға деген риясыз тағзымнан бастау алды. Оны өмірге әкелген – Тұрсын Құдакелдіұлының шәкірттері, бүгінгі жас ғалымдар, университеттің ғылыми тірегіне айналып келе жатқан азаматтар», – деді Думан Орынбеков.
Аталған дәрісхана бір адамның есімімен аталса да, мыңдаған студенттің бойына ғылымға деген құрмет дарытатын, жас ұрпақтың болашағына қызмет ететін қасиетті рухани кеңістікке айналуы тиіс.
«Ашылып отырған дәрісхана Алаш идеясын сіңіруге, жас ұрпақтың ұйықтап жатқан жүрегін оятып, намысын көтеруге септігін тигізсе, өзінің мақсатына жеткені деп есептеймін», — деді Тұрсын Жұртбай.
Алқалы жиын барысында қазыналы Тұрсын Жұртбай ұстазымыз абайтану, әуезовтану, алаштану һәм көркем әдебиет саласындағы қолжазба, күнделік, архив т.б. құжаттарын һәм талайғы жылғы досына айналған жазу мәшинкесін Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің қорына тапсырды. Іс-шара барысында Тұрсын Жұртбайдың иығына шапан жабылып, кеудесіне «Шәкәрім» медалі тағылды. Бұл рәсім ғалымның алдағы 75 жылдық мерейтойының рухани беташары деcе де болады.
Шәкәрім университетінің Медиа орталығы