Энергетика министрлігінің өкілі Қазақстанда жанармай бағасы күрт қымбаттамайды деп мәлімдеді.

Энергетика министрінің кеңесшісі, ведомствоның ресми өкілі Әсел Серікпаева Tengri News басылымының сауалына жауап беріп, жанармай бағасының қымбаттамайды деп жеткізді.

Министрліктің түсіндіруіне қарағанда, Еуразиялық экономикалық одақ аясында ортақ мұнай және мұнай өнімдері нарығын қалыптастыру деген сөз — мұнай өнімдерінің құнын көрші елдердегі деңгейге бірден көтеру дегенді білдірмейді. Әңгіме заңнаманы үйлестіру туралы болып отыр, ал жанармай құнын күрт өсіру жоспарланбаған.

Қазіргі таңда елде АИ-92 маркалы бензин бағасын көтеруге мораторий енгізілген.

«Мораторий мерзімі аяқталғаннан кейін нарықтық бағаға көшу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Барлық шешімдер елдегі нақты экономикалық жағдай мен халықтың табыс деңгейі ескеріле отырып қабылданады. Тұтынушылар үшін күрделі жағдай туындауына жол берілмейді», — деп атап өтті министрлік.

Орайы келгенде айта кетелік, 2025 жылдың басынан бері Қазақстанда жанармай бағасы едәуір қымбаттады. Еуразиялық экономикалық комиссияның дерегі бойынша, бензин бағасы 2024 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 11,2%-ға, ал дизель отыны 9,2%-ға қымбаттаған.

«Курсив» порталының жазуынша, былтыр Ресейде бензин 9,3%-ға, Қырғызстанда – 8,8%, Беларусьте – 6,7% қымбаттаған, ал Арменияда керісінше 0,1%-ға төмендеген.