Тайваньдық ASUS компаниясы Лас-Вегаста өткен Consumer Electronics Show (CES) 2026 көрмесінде Wi-Fi 8 стандартына негізделген алғашқы роутер — ROG NeoCore моделін көпшілікке ұсынды.

АЗЕРТАДЖ агенттігінің хабарлауынша, Wi-Fi 8 алдыңғы буынмен салыстырғанда орта диапазонда дерек өткізу қабілетін орта есеппен екі есеге арттырады. Сонымен қатар «заттар интернеті» құрылғыларының қамту аумағы да екі есе ұлғайып, P99 кідірісі алты есеге дейін қысқарған.

ASUS өкілдерінің айтуынша, Wi-Fi 8 ең төменгі кідірісті, аса жоғары сенімділікті және құрылғылар арасындағы интеллектуалды үйлесімді жұмысты қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жасанды интеллектке негізделген құрылғылар экожүйесінің іргетасы болмақ.

Жаңа стандарт байланыс тұрақтылығын жақсартып, қуаты төмен құрылғылар үшін екіжақты дерек алмасуды күшейтеді. Бұдан бөлек, желілердің шамадан тыс жүктелу мәселесін шешуге мүмкіндік береді: маршрутизаторлар сигналдарының бір-біріне кедергі келтіруі Wi-Fi 8 арқылы едәуір азаяды.

Компания технологияның нақты сынақтардан өткенін атап өтті. Теориялық дерек беру жылдамдығы бұрынғы деңгейде — 46 Гбит/с болып қалғанымен, нақты өткізу қабілеті айтарлықтай артқан.

«Wi-Fi 8 — бұл ең жоғары жылдамдыққа ұмтылу ғана емес, әрбір байланысты ақылды әрі сенімді етуге бағытталған қадам. Ол ақылды үй жүйелері, ИИ-көмекшілер мен бұлтты сервистердің үздіксіз жұмысын кез келген уақытта және кез келген жерде қамтамасыз етеді», — деді ASUS-тың сымсыз технологиялар және желілер бөлімінің бас директоры, корпоративтік вице-президенті Тенлонг Денг.

ASUS ROG NeoCore роутерінің сатылымға шығуы 2026 жылға жоспарланған. Құрылғының нақты бағасы мен шығу мерзімі әзірге жарияланған жоқ. Сонымен қатар CES 2026 көрмесінде Broadcom мен MediaTek компаниялары Wi-Fi 8 стандартына арналған чиптерін таныстырды. Ал стандарттың ресми сертификатталуы 2028 жылға қарай күтіледі.