БҚО-ның Бөрлі ауданында заманауи спорт кешені ашылды
Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданына қарасты Жарсуат ауылында заманауи спорт кешені пайдалануға берілді. Жаңа нысан ауыл тұрғындарының дене шынықтырумен жүйелі түрде айналысуына және жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне бағытталған.

Салтанатты шара барысында облыс әкімі Нариман Төреғалиев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған ауылдық аумақтарды дамыту және халықтың өмір сапасын арттыру жөніндегі тапсырмалар өңірде кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанын атап өтті.
«Ауылда спорт инфрақұрылымын дамыту – тұрғындардың денсаулығын нығайтудың және жастарды тәрбиелеудің маңызды бағыты. Жарсуаттағы жаңа спорт кешені осы мақсаттарға қызмет етеді», – деді өңір басшысы.

Жарсуат ауылындағы спорт кешені Карашыганак Петролеум Оперейтинг Б.В. компаниясының әлеуметтік инвестициялық міндеттемелері аясында салынды. Бұл жоба ауылдық елді мекендерде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бастамалардың бірі саналады.

Құрылыс жұмыстарын “Қалдығайта” ЖШС жүзеге асырды. Спорт кешені бір қабатты ғимараттан және оған жапсарлас әкімшілік-тұрмыстық корпусынан тұрады. Жер учаскесінің жалпы ауданы – 6 524 шаршы метр, ғимараттың жалпы ауданы – 1 030 шаршы метр. Нысанның өткізу қабілеті бір мезетте 464 адамды құрайды.
Жаңа спорт кешені ауыл тұрғындары үшін қолжетімді спорт алаңына айналып, бұқаралық спортты дамытуға, жасөспірімдер мен жастардың спортқа қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.

