Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданына қарасты Кеңтүбек ауылында заманауи спорт залының ашылу салтанаты өтті. Жаңа нысан ауыл тұрғындары үшін бұқаралық спортты дамытуға, жастарды спортқа тартуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба болып отыр.

Ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде облыс әкімі Нариман Төреғалиев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында ауылдардың әлеуетін арттыру, өңірлерді дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелеріне ерекше мән беріп келе жатқанын атап өтті.

«Кеңтүбек ауылында ашылып отырған бұл спорт залы – елді мекендерді дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі. Мұндай нысандар ауыл жастарының спортпен тұрақты айналысуына, уақытын тиімді өткізуіне және денсаулығын нығайтуына мүмкіндік береді», – деді өңір басшысы.

Аталған спорт нысаны Карашыганак Петролеум Оперейтинг Б.В. компаниясының әлеуметтік инвестициялық міндеттемелері аясында салынды. Компанияның өңірлерді әлеуметтік дамытуға бағытталған қолдауы ауылдық жерлерде спорт инфрақұрылымын кеңейтуге ықпал етіп келеді.

Құрылыс жұмыстарын БатысМунайСтрой ЖШС жүзеге асырды. Нысан белгіленген мерзімде аяқталып, пайдалануға берілді.

Спорт залы бір қабатты ғимараттан және оған жапсарлас әкімшілік-тұрмыстық корпусынан тұрады. Ғимараттың жалпы ауданы – 1 030 шаршы метр, жер учаскесінің аумағы – 6 524 шаршы метр. Спорт залының өткізу қабілеті бір мезетте 464 адамды құрайды, бұл ауыл тұрғындары мен жастардың спортпен жүйелі түрде шұғылдануына кең мүмкіндік береді.

Жаңа спорт залы Кеңтүбек ауылының спорттық өмірін жандандырып, болашақта жас спортшыларды тәрбиелеуге және ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайтуға қызмет ететін маңызды нысанға айналды.