Мәскеу облысының Одинцово ауданындағы Успен жалпы білім беретін мектебінде Тәжікстан азаматы, 10 жастағы Қабылжан Әлиев қаза тапты. Қайғылы оқиғаға байланысты күдікті деп сол мектептің 15 жастағы жоғары сынып оқушысы танылды. Тәжікстан тарапы Ресейге ресми хат жолдап, қылмысты жан-жақты әрі әділ тергеуді талап етті.

Оқиға 16 желтоқсан күні таңертең болған. Төртінші сынып оқушысы Қабылжан Әлиев мектепке әдеттегідей келген, алайда сол күні үйіне оралмады. Тергеу деректеріне сәйкес, 15 жастағы оқушы мектеп ғимаратына пышақ пен газ баллонын алып кірген. Ол «No Lives Matter» («Ешкімнің өмірі маңызды емес») деген жазуы бар футболка киген. Бұл интернет кеңістігінде зорлық-зомбылықты насихаттайтын радикалды ұран ретінде белгілі.

Жасөспірім өз әрекетін бейнекамераға түсіріп отырған. Әлеуметтік желі мен бірқатар ресейлік БАҚ-та жарияланған бейнежазбалардан оның шабуылға алдын ала дайындалғаны байқалады. Ол мектеп дәретханасында жарылғыш заттың муляжын қалдырып, кейін сыныптарды аралап, бір мұғалімді іздеген. Кадрларда жасөспірім мұғаліммен бірге келе жатқан балалар тобына жақындап, қолындағы пышақты көрсетіп, олардың ұлтын сұрағаны көрінеді. Кейін жақындаған күзетшіге газ шашып, оны пышақтаған.

Қаза тапқан бала және оның отбасы

Қабылжан Әлиев Успен мектебінде тазалықшы болып жұмыс істеген 35 жастағы Тәжікстан азаматы Нилуфар Сафоеваның ұлы. Оның інісі марқұммен бір сыныпта оқыған. Отбасы мектепке жақын маңда жалдамалы пәтерде тұрған. Көршілерінің айтуына қарағанда, отбасында артық әрекеті бар жан болмаған, еңбекқор жанұя.

Балалардың әкесі бірнеше жыл бұрын қайтыс болған, ол Тәжікстанның шекара әскерінде қызмет еткен. Анасы Ресейге шамамен төрт жыл бұрын келіп, балаларын асырау үшін бірнеше жерде жұмыс істеген. Қайғылы оқиғадан аз уақыт бұрын ол ұлдарын уақытша Тәжікстанға жіберуді жоспарлаған.

Куәгерлердің айтуына қарағанда, қауіп төнген сәтте мұғалім балаларды сыныпқа кіргізбек болған. Сол кезде Қабылжан шабуылдаушының назарын аудартуға тырысып, баспалдаққа қарай жүгірген. Ол өзін қорғауға әрекет жасап, «Әке!» деп айқайлаған.

Күдіктіге қатысты тергеу

Ресей Тергеу комитеті адам өлтіру және адам өлтіруге оқталу баптары бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, полиция қызметкерлеріне жауап берді. Оған психологиялық-психиатриялық сараптама тағайындалмақ. Сондай-ақ оның әлеуметтік желідегі парақшалары мен жеке қызығушылықтары тексеріліп жатыр.

БАҚ мәліметіне қарағанда, шабуылға дейін бірнеше күн бұрын жасөспірім сыныптастарына «Менің ашуым» атты хабарлама жіберген. Онда қоғамға, ұлттар мен діндерге қатысты жеккөрушілік мазмұндағы пікірлер жазылған. Тінту барысында оның үйінен қару-жараққа ұқсас заттар, тыйым салынған белгілері бар киімдер мен тағы бір пышақ табылған.

Ресей мен Тәжікстанның ресми ұстанымы

17 желтоқсанда Тәжікстан Сыртқы істер министрлігі бұл қылмысты ұлтаралық өшпенділік негізінде жасалған деп бағалап, қатаң айыптады. Ресейдің Тәжікстандағы елшісіне ресми мәлімдеме табысталып, істі әділ тергеу талап етілді. Сондай-ақ Тәжікстан Ішкі істер министрі ресейлік әріптесімен сөйлесіп, істі толық бақылауда ұстауды сұрады. Ресей тарапы тергеу барысы қатаң бақылауда екенін мәлімдеді. Алайда кейбір ресейлік саясаткерлер бұл оқиғаны орыс ұлтшылдығымен байланыстырмауға шақырды. Ресей тарапының пікіріне қарағанда, күдікті батыстық радикал тұлғаларға еліктеуі мүмкін.

Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьёв бұл оқиғаны аса қатыгез қылмыс деп атап, мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін барлық себеп-салдарын мұқият талдау қажет екенін айтты. Ал балалар омбудсмені Ксения Мишонова мектептегі шабуылға қатысты фото және видео материалдарды ашық таратуға тыйым салуға шақырды.

Орайы келгенде айта кетелік, Орталық Азия мигранттарына қарсы күш көрсету, азаптау деректері жиіледі. Ресейде Орталық Азиядан еңбек етуге келген мигранттарға қатысты полиция рейдтері жиілеген. Мәскеу сынды ірі қалаларда жүргізілетін мұндай тексеріс кезінде күш қолдану, қорлау және құқықтың бұзылуы туралы шағымдар әлеуметтік желіде жиі жарияланып жүр.

2025 жылғы сәуірде Мәскеудегі «Бодрость» монша кешенінде өткен рейдтен кейін қырғызстандық мигранттардың соққыға жығылып, кемсітілгені туралы бейнежазба тарады. Оқиғадан соң Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігі Ресей тарапынан құқық бұзушылық болғанын хабарлады. Алайда ресми дипломатиялық мәлімдеме жарияланған жоқ, бұл ел ішінде сынға ұшырады.

Ресей ІІМ рейд барысында заңсыз әрекет болмағанын мәлімдеді. Ал зардап шеккен мигранттар қауіпсіздікке алаңдап, ресми шағым түсіруден бас тартқан. Сарапшылар Украинадағы соғыс пен Мәскеу түбіндегі «Крокус Сити Холлдағы» терактіден кейін миграциялық саясаттың қатаңдауы мұндай жағдайлардың жиілеуіне әсер еткенін айтады.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай