«Маған тимеңіз». Польша сенаторы мен журналист арасындағы дау қоғамда резонанс тудырды
Польшада парламент дәлізінде журналист пен сенатор арасындағы әңгіме күтпеген жерден дауға айналды. Бұл жағдай Польша төменгі палатасының отырысынан кейін болды деп хабарлайды Bloomberg агенттігі.
TVP Info телеарнасының тілшісі Юстина Добраш-Орач сенатор Войцех Скуркевичке сұрақ қойып жатқан кезде әңгіме шиеленісе түскен. Журналист соғыс туралы келіссөз бен Польша үкіметінің рөлі жайлы сауал жолдаған мезетте, сенатор ашуланып, журналистің микрофонына қолын созып, оны өшіріп, жұлып алуға әрекет жасаған.
Таспаға түскен кадрда тілші бірнеше рет: «Please do not touch me / Маған тимеңіз» — деп айтқанымен, сенатор микрофонды өшіргісі келгені байқалады.
Бұл әрекет көпшіліктің наразылығын тудырып, қоғамда пікірталасқа себеп болды. Әлеуметтік желі қолданушылары сенатордың мінез-құлқын сынап, журналистердің қауіпсіздігі мен сөз бостандығы проблемасын жарыса жазып жатыр. Кей саясаткерлер Сенат этика комитетіне шағым түсіретінін хабарлады, себебі мұндай әрекет мәдениет пен журналистердің құқығына сай емес деп бағаланды.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай