Қазақстанда мұнай өндірісінің көлемі азайды. Бұған Қара теңіздегі аса маңызды экспорт айлағының жөндеуге жабылуы себеп. Сондай-ақ Каспий Құбыр Консорциумының (КҚК) Қара теңіз жағалауындағы негізгі терминалына жасалған шабуыл да залал тигізді. Bloomberg агенттігінің таратқан ақпаратына қарағанда, КҚК (Каспий Құбыр Консорциумы) терминалындағы үш айлақтың тек бірі ғана жұмыс істеп тұр. Ал экспортты сақтау үшін кемінде екі айлақ қажет. Салдарынан, мұнай қоймаларда жиналып, жарамсыз бола бастады.
Жөндеу 15 желтоқсанға дейін жалғасады деген дерек бар. Алайда мұнай өндіру кешені мерзімінде іске қосылмаса, Қазақстандағы мұнай қоймалары толып, өндіру көлемі азаяды.
Интерфакс дерегіне сәйкес, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов 29 қарашадан бері өндіріс шығыны 480 мың тоннаға жеткенін айтты. Bloomberg есебіне сәйкес, бұл тәулігіне шамамен 270 мың баррель мұнайға тең. Ал биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстан 75,7 млн тонна мұнай және конденсат өндірген, бұл тәулігіне 2 млн баррельден сәл көп.
Өндірістегі шығынға қарамастан, министрлік жылдық мұнай өндіру жоспары орындалады деп отыр. 2025 жылға арналған мақсат 97 млн тонна.
KazTransOil компаниясы КҚК жөндеу кезінде мұнайды балама бағыт бойынша жіберуді және өндірушілерге уақытша сақтау қоймаларын ұсынуды бастады. Желтоқсанда компания Ресей арқылы өтетін Атырау–Самара құбырына 232 мың тонна, Баку–Тбилиси–Жейхан бағытына 58 мың тонна, ал Қытайға бағытталған құбыр желісі арқылы 72 мың тонна мұнай жөнелтуді жоспарлап отыр.
Министрдің айтуына қарағанда, 2026 жылға арналған өндіріс жоспары әлі бекітілмеген, бірақ келесі жылы жөндеуге байланысты көлем биылғыдан төмен болуы мүмкін.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай