Google компаниясы жасанды интеллектіге негізделген ақылды көзілдірікті әзірлеп жатқанын мәлімдеді. Жобада екі түрлі көзілдірік қарастырылған: бір экраны бар толыққанды AR-мүмкіндігіне ие үлгі, екіншісі дисплейсіз, негізінен дыбыстық басқару мен AI функцияларына бағытталған нұсқа. Алғашқы нұсқасы 2026 жылы нарыққа шығады.

Компания бұл өнімді Samsung Electronics, Warby Parker және Gentle Monster секілді серіктестермен бірлесіп жасап жатыр, бірақ қорытынды дизайн әлі де беймәлім.

Google Нью-Йоркте өткен таныстырылымда Xreal компаниясымен бірге әзірленген Project Aura прототипін көрсету арқылы өз жоспарын нақтылай түсті. Бұл құрылғы Android XR операциялық жүйесімен жұмыс істейді және Galaxy XR гарнитурасына ұқсас мүмкіндіктерді жеңіл әрі күнделікті қолдануға ыңғайлы форм-факторда ұсынады. Project Aura көзілдірігі 70 градус көру бұрышына ие, ал жұмыс істеуі үшін сыртқы батареямен үздіксіз байланыста болуы қажет.

Компанияның бірнеше прототипі ішінде бір линзаға орнатылған шағын экранды монокулярлы үлгі де, екі көзге арналған кеңірек виртуалды интерфейсті қамтитын бинокулярлы үлгі де бар. Екі нұсқа да Google Maps бағыттарын, онлайн кездесу кезінде AR-қабаттарды, тікелей аударма қызметін және Gemini негізіндегі басқа да функцияларды қолдайды. Көзілдірік смартфонның орнын басып, қарапайым көзілдірікке ұқсас болмақ.

Google Samsung компаниясымен бірлесіп Galaxy XR құрылғысы үшін де өзгерту енгізіп жатыр. Оларға көлікте немесе ұшақта қолдануды жеңілдететін travel mode, кез келген Windows компьютерінің экранын XR кеңістігіне шығаруға мүмкіндік беретін PC Connect қызметі және пайдаланушының бет-пішінін дәл қайталайтын жаңа Likeness аватары кіреді. Бұл жаңартулар құрылғыны күнделікті өмірде әлдеқайда ыңғайлы етеді. Компания жаңа көзілдірік пен Android XR экожүйесін Google Glass жобасынан кейінгі үздік технологиясының қатарына қосты.

Материалды дайындағаня: Мөлдір Түктібай