Белгілі ақын, танымал шығыстанушы ғалым және аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» ордені мен халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Дүкен Мәсімханұлы құрлық асып, «Алтын қалам» марапатына ие болды. Аустралияның Сидней қаласында Халықаралық «Пен» ақындар клубы ұйымдастырған фестиваль аясында қазақ ақыны үздік үштіктің қатарына енді.

Жыл сайын Халықаралық «Пен» ақындар клубы (Poets International Pen Club — PIPC) әлемнің ең үздік ақындарына «Алтын қалам» жүлдесін табыстайды. Әдеби сыйлықтың басты мақсаты, поэзиядағы таланттарды таныту, ақындардың аударма ісіндегі еңбегін шет қалдырмау. Сондай-ақ мәдени байланыс арқылы әдебиеттегі жазарман жанның жұлдызын жағу.

Биыл “Алтын қалам” сыйлығын табыстау жөніндегі комиссия үздік үштікті қатарына Жаңа Зеландиядан Док Драмхэллер есімді азаматты қосты. Қытайдан Юй Нуң есімді жазушы болса, қазақ елінен Дүкен Мәсімханұлы таңдалды. Бұл туралы елімізден аттанған жүлдегер өз парақшасында жазды.

Айта кетелік, Poets International Pen Club – түрлі мемлекет пен аймақтан шыққан ақын, аудармашы, әдеби сыншы, редактор және поэзия жанашырларының бастамасымен құрылған халықаралық, коммерциялық емес қауымдастық.

Дүкен (Дулат) Мәсімханұлы – белгілі қазақ ақыны, аудармашы, қытайтанушы ғалым. 1963 жылы ҚХР Шыңжаң өлкесінің Текес ауданында дүниеге келген. Бейжіңдегі Орталық ұлттар университетін тәмамдаған соң, Ұлттар академиясында ғылыми қызметкер болды. 1993 жылы Қазақстанға оралып, ҚазҰУ мен ЕҰУ-да ұзақ жылдар шығыстану және қытай филологиясы бойынша ұстаздық етті. 40-тан аса кітаптың, жүздеген ғылыми мақаланың авторы. Коңфуцзы, Ли Бай, Ду Фу сынды қытай классиктерін қазақшаға түпнұсқадан аударған. 2017 жылы әйелі Айнұр Әбиденқызымен бірге 80 мың сөздік қорды қамтитын «Қытайша-қазақша үлкен сөздікті» жарыққа шығарды. Бүгінде Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры қызметін атқарады.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай