Қазақстан Ресейге жалға берген Байқоңырда зымыран апатқа ұшырап, NASA ресми жауап берді
27 қарашада Байқоңыр ғарыш айлағында «Союз МС-28» кемесін ұшыру кезінде №31 старт алаңы зақымданды. Зымыранды ұшыру сәтті өткен кадр тарағанымен, трансляция соңында дрон камерасы жерге құлаған, артынша сынған металл конструкциялар да түскен. Кабина қозғалтқышынан шыққан от пен жоғары температурадағы газ салдарынан зымыранның бір бөлігі опырылып құлаған.
Роскосмостың ресми дерегіне сәйкес, ұшыру орнында алдын ала тексеріс жүргізілген және старт үстелінің бірқатар элементі расында бүлінген. Агенттік зымыранға тиген зақымды бағалап, барлық қажетті қосалқы бөлшектер мен өзге де бұзылған құрылымдарды жақын арада қалпына келтіруге уәде берді. Дегенмен сарапшылардың пікіріне қарағанда, мұндай проблеманың шешімін табу бірнеше ай мен бірнеше жыл аралығын қамтуы мүмкін.
Осы оқиғадан кейін NASA да ресми түсініктеме берді. Зымыран бортында болған экипаж — ресейлік ғарышкерлер Сергей Кудь-Сверчков пен Сергей Микяев және NASA астронавты Кристофер Уильямс Халықаралық ғарыш станциясына аман-есен жетті. NASA бұл жағдайды әлі де мұқият бақылап отырғанын айтты. Агенттік Роскосмоспен ISS қауіпсіздігі бойынша әрдайым тығыз жұмыс істейтінін атап, старт алаңының зақымдануы болашақта қалай әсер ететіні туралы нақты ақпарат беруден бас тартты.
Байқоңырдағы №31 алаң — Ресейдің ғарышқа экипаждық сапарын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін сертификатталған жалғыз старт алаңы. Осыған байланысты аталмыш апат Ресейдің космосқа шығу мүмкіндігіне үлкен залал тигізді. Салдарынан, желтоқсанда ұшуға тиіс болған «Прогресс» жүк кемесінің сапары келесі жылға кейінге шегерілді. Ал пилотты «Союз» кемесі 2026 жылдың шілдесінде ғана орбита кеңістігінен асуды жоспарлап отыр.
«Ресей басшылығы Байқоңырдағы старт алаңын қалпына келтіруге және Халықаралық ғарыш станциясындағы рөлін сақтап қалуға мүдделі ме? Мұның жауабы алдағы айларда белгілі болмақ», — деді Voyager Technologies өкілі Джефф Манбер.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай