Бейжің халықаралық деңгейде Газадағы жағдайды тұрақтандыруға өз үлесін қоспақ. Қытай Халық Республикасы төрағасы Си Цзиньпин Газа секторындағы гуманитарлық дағдарысты жеңілдету және қалпына келтіруді қолдау мақсатында 100 млн доллар қаржы бөлетінін мәлімдеді. Бұл туралы ол Франция президенті Эммануэль Макронмен Бейжіңде кездесуден кейін өткен баспасөз мәслихатында айтты.

Қаржылай көмек туралы хабарлама Қытай мен Францияның ынтымақтастықты нығайту және көпжақты дипломатиялық диалогқа шақыру шеңберінде жарияланды. Қытай Палестина мәселесінің әділ, тұрақты және жан-жақты шешілуін қолдайтынын да атады.

WAFA агенттігінің мәліметіне қарағанда, Палестина президенті Махмуд Аббас Си Цзиньпинге осы уәде үшін алғысын білдіріп, хат жолдаған.

Айта кетелік, бұған дейін Дональд Трамп Газаға қатысты бейбіт жоспардың екінші кезеңін жақын арада іске асыратынын хабарлады.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай