Трамп АҚШ-тағы мигранттарды қатаң бақылап, жұмыс істеуіне шектеу қоя бастады
Президент Дональд Трамп баспана сұрап, жұмыс істеуге ниетті мигранттарға рұқсат бермей, оларды шектей бастады. Президенттің мәлімдемесіне қарағанда, енді елге заңсыз кірмек болған тұлғаларды осылай бақылауға алмақ.
АҚШ Азаматтық және миграция қызметі (USCIS) баспанаға мұқтаж, уақытша заңды мәртебесі бар тұлғаларға берілетін жұмыс мерзімін 18 айға дейін қысқартты. Қолданыстағы ереже бойынша жұмыс істеуге рұқсат 5 жылға дейін берілуі мүмкін.
«Миграция өкілдігі елдегі шетелдіктерді жиі тексеруі қажет. Америкаға жұмыс істеуге келген әр адам мұны өз құқығы деп емес, өзіне берілген басымдық деп білгені абзал», — деді агенттік директоры Джозеф Эдлоу.
Бұл ұсыныс Трамп әкімшілігінің мигранттарға көрсететін гуманитарлық көмегін азайтып, тіпті тоқтатуға тегеурін болмақ. Еске сала кетелік, бірнеше күн бұрын АҚШ-та тұратын ауған азаматы Рахманулла Лаканвал Вашингтондағы Колумбия округінде Ұлттық гвардияның екі жауынгеріне оқ атқаны айтылды. Артынша президент Трамп елдегі уақытша статусы бар шетелдіктерге қатысты бірқатар қатаң ереже қабылдады.
Осыған дейін АҚШ миграция қызметі 19 елдің миграциялық өтінішін қарауды тоқтататынын жазған едік. Тізімде Ауғаныстан, Мьянма, Гаити, Судан сынды басқа да елдер бар. Болжам бойынша, әкімшілік бұл тізім қатарына тағы бірнеше елді қосып, шамамен 30 мемлекетті шектеуі мүмкін, деп хабарлады Bloomberg агенттігі. Ал 2021 жылы экс президент Джо Байденнің өкілеттігі кезінде жоғарыда аталған елдердің Америка шекарасын асқан азаматтары қайта отанына қайтарылып, процесс кешенді түрде жүреді деген дерек бар.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай