Ясауи мұрасы тағы бір құнды қолжазба еңбекпен толықты
Ясауитану ғылыми орталығы түркі руханияты үшін аса маңызды ғылыми жаңалықты жария етті. Орталық зерттеушілері жергілікті тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, жүйелі әрі табанды жұмыстың нәтижесінде әдеби-рухани тұрғыда құнды жәдігерді тапты.
Қожа Ахмет Ясауидың 192 жылдық жаңа хикметтер қолжазбасы табылды. Қолжазба 85 парақтан тұрады, әр бетінде 15 жол мәтін, настағлиқ жазу үлгісінде жазылған. Бұл құнды мұра Түркістан тұрғыны тапсырған ескі кітаптардың арасынан шықты.

«Құнды жәдігерді табуға үлес қосқан Еркін Сапар ағамыздың табанды еңбегін ерекше атағым келеді. Сондай-ақ қолжазбаны осы күнге дейін ұқыптап сақтап келгені үшін Әлімжан Рамазан ағаға зор ризашылығымызды білдіреміз. Аға буынның әдеби еңбек, рухани мұраға деген құрметі ұлт тарихына айналатын дүниенің негізі», — деп жазба қалдырды Ясауитану ғылыми орталығының басшысы Сайпулла Моллақанағатұлы өзінің желідегі парақшасында.
Алдағы уақытта қолжазба толық зерттеліп, ғылыми сараптамадан өтіп, қолжазбатану, әдебиеттану және түркітану салалары бойынша ғылыми айналымға енгізіледі. Бұл хикметтер Ясауи мұрасын тереңірек түсінуге, сондай-ақ оның дәстүрлі поэтикасы мен дүниетанымдық көзқарастарын жаңа қырынан зерделеуге мүмкіндік береді.
Айта кетелік, саурандық азамат Әлімжан Рамазанұлы бірнеше буын бойы аманатталып, ғасырлар бойы сақталған 16 сирек кітапты музей-қорыққа тапсырған. Жинақ ішінде Ясауитану ғылымына тиесілі хикметтен бөлек, XVI ғасырға тиесілі көне кітап та анықталған. Алдағы уақытта қалған жәдігерлердің жазылу уақыты, мазмұны мен авторлары жан-жақты сарапталады.

Орталық басшысы Сайпулла Моллақанағатұлы өз сөзінде: «Аталмыш кітаптар Тоймат қари мен Раманқұлбай сынды абыздардың қолында сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жеткен. Араға уақыт салып Ясауи мұрасына баға жетпес жәдігер қосылды, рухани қазынамыз тағы да толықты», – деп айтты.
Уақыт кернеуіне төтеп берген, тозғанымен өз құндылығын жоғалтпаған мұраларды аман алып келгені үшін Әлімжан Рамазанұлына музей-қорық атынан шынайы алғыс білдірілмек.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай