Каспий теңізінің Дағыстандағы жағалауында 484 өлі итбалық табылды. Жануарлардың өлексесі Сулак өзенінің сағасынан Терек өзеніне дейінгі аралықта жатқан. Дағыстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігі Махачкала, Дербент ауданы маңын тексеріске алып, жағдайды әлі де  бақылауда ұстап отыр

Бірнеше күн бұрын Дағыстан Экология министрлігінің Telegram-арнасында итбалықтардың қырылуына қатысты алғашқы ақпарат түскені жазылған. Министрлік мамандары жағалауды тексеріп, істі зерттеуге кіріскен.

Бұған дейін Қазақстанның Каспий теңізі жағалауында да мыңдаған өлі итбалық табылды. 2024 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің берген дерегі бойынша, итбалықтардың қырылуына себеп жоғары патогенді құс тұмауы вирусы. Сондай-ақ нейровирустық инфекция және теңіз түбінен бөлінген табиғи газдың асфиксиялануы түрткі болуы мүмкін деп айтылған.

Сонымен қатар министрлік өкілдері Каспий итбалығының біршама бөлігі жылда көшу кезеңінде жаппай қырылатынын айтты. Ғалымдардың түсіндірмесіне қарағанда, мұндай жағдайдың негізгі себебі теңіз түбінен бөлінетін табиғи газ. Итбалықтар ластанған аймақтан өткен кезде тұншығып, улануы мүмкін. Бұл құбылыс сейсмикалық себепке байланысты.

Каспий итбалығы — Каспий теңізіндегі жалғыз сүтқоректі жануар. 2008 жылы Халықаралық табиғатты қорғау одағы итбалықтардың жоғалу қаупі жоғары деп таныды. 2015 жылы Дағыстанда жануарды қорғау бағдарламасы қабылданды. 2020 жылы Каспий итбалығы Ресейдің Қызыл кітабына енді.

 

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай