«Еуропа қарулы қақтығыс бастаса қарап қалмаймыз». Путин Еуропамен соғысуға дайын екенін мәлімдеді
Ресей Еуропа елдерімен соғысуды көздемейді, алайда оқыс жағдайға дайын, деп мәлімдеді РФ президенті Владимир Путин. Президент ВТБ банкінің форумында сөйлеген сөзінде танкерлерге жасаған шабуылы үшін Украинаның теңізге шығуын шектеуі мүмкін екенін де айтты.
Путиннің Еуропамен соғыс туралы мәлімдемесі
Ресей президенті Владимир Путин Еуропа елдерімен соғыс жоспары жоқ екенін, бірақ қажет болса, «қазір-ақ» дайын екенін айтты. Бұл туралы Путин 2 желтоқсанда АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткоффпен кездесудің алдында ВТБ банкінің инвестиция жөнінде форумында мәлімдеді. Кездесуде АҚШ-тың жаңа бейбітшілік жоспары талқыланды.
«Біз Еуропамен соғысуды жоспарлап отырғанымыз жоқ, мұны бірнеше рет айттым. Бірақ егер Еуропа кенеттен соғыс ашып, қарулы қақтығыс бастаса біз дайынбыз», — деді Путин. Президенттің сөзіне қарағанда, мұндай әрекет жақсы нәтижеге әкелмейді.
Украина теңізге шығуға шектеу ала ма?
Путин Украина Қара теңіздегі Ресей танкілеріне шабуыл жасауды жалғастырса, Кремль жауап ретінде «сол шабуылдарға көмектесетін елдердің кемелеріне қарсы әрекет ететінін» айтты. Ресей президентінің сөзіне қарағанда, Ресей украин порттарына және олармен байланысы бар кемелерге соққыны күшейтуге дайын.
«Ең радикалды әдіс — Украинаны теңізден толықтай ажырату. Нәтижесінде, теңіздегі қарақшылық шешімін табады», — деді Путин.
Қара теңіздегі шабуылдар
Еске сала кетелік, 2 желтоқсанда Түркияның Көлік және инфрақұрылым министрлігі Қара теңізде Ресейден Грузияға күнбағыс майын тасымалдап бара жатқан Midvolga 2 танкеріне шабуыл жасалғанын хабарлады. Кеме бортында 14 адам болған, ешкім зардап шеккен жоқ. Кейін кеменің жөндеу үшін Синоп портына бет алғаны белгілі болды. Ресейдің Росморречфлот ведомствосы шабуылдың дрондармен жасалғанын растады.
Бұған дейін, 1 желтоқсанда, Сенегалдың астанасы Дакар маңында ресейлік мұнай тасымалдаған Mersin танкерінде төрт жарылыс болды. Ал 28 қарашада Босфор маңында Гамбия туы астындағы Kairos және Virat танкерлері шабуылға ұшырады.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Қара теңізде болған шабуалдарды ақтай алмайтынын, Түркияға қатысы жоқ әрекет елді дүрліктіргенін алға тартты. «Кемеге жасалған шабуыл аймақтағы өзге де су транспорты қатынасына, адам өмірі мен экология қауіпсіздігіне қатер төндірді. Әсіресе, жағдай біздің экономика аймағымызға жақын жерде болғаны алаңдатады», — деп пікір білдірді Ердоған.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай