Алматыда 27 қараша күні XVII республикалық «Media Құрылтай» конференциясы өтті. Бұл еліміздің медиа нарығындағы маңызды іс-шараның бірі, жиында медиа индустрияның жетекші өкілдері, редакторлар, журналистер, заңгерлер, мемлекеттік орган өкілдері мен сарапшылар бас қосып, ақпарат кеңістігіндегі жаңа тренд пен өзекті проблемаларды талқылады.

Іс-шараның ресми ашылуында Қазақстан пресс-клубының президенті Әсел Қарауылова мен «Шеврон Евразия» компаниясының сыртқы байланыстар жөніндегі аға кеңесшісі Айнұр Сағынбайқызы құттықтау сөз сөйлеп, қазіргі медианың кемшін тұсы мен мүмкіндіктеріне тоқталды.

Құрылтайдың бірінші пленарлық сессиясында жасанды интеллект технологиясының контент индустриясына әсері, жарнама нарығы және медиа стратегиялардың өзгеруі талқыланды. Сессияны Әсел Қарауылова жүргізді, ал негізгі спикерлер қатарында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің вице-министрі Қанат Ысқақов, Exclusive.kz өкілі Қарлығаш Еженова, Nur порталының бас директоры Қуат Бахридинов және ЦАРА өкілі Дмитрий Григорьев болды.Спикерлер медиа нарығындағы AI құралдарының рөлін, редакциялардың жаңа бизнес модельдерге бейімделуін және цифрлық трансформация қарқынын саралады.

Екінші пленарлық сессия медиа саласындағы «заңнамалық орта және халықаралық тәжірибе» мәселелеріне арналды. Модератор Диана Окремованың басқаруымен өткен талқылауда ЦАИ директоры Михаил Комиссаров, Euronews Astana бюро шефі Боян Бркич және «Media Qoldau» заңгерлік қызметінің жетекшісі Гүлмира Біржанова сөз алып, «БАҚ туралы» заңдағы өзгерістер, халықаралық стандарттар және медиа құқықтық сауаттың маңызы туралы пікір білдірді. Спикерлер әлемдік медиа заңнамасының трендтері мен Қазақстандағы құқықтық реформаларды салыстыра отырып, журналистердің кәсіби еркіндігі мен жауапкершілігіне тоқталды.

Құрылтайда «Хайп және мемлекет: қоғам назарын бұру саясаты шынымен бар ма?» атты қызу талқылауға толы панель де өтті. Модератор Айбар Олжай жүргізген бұл сессияда журналист Жанар Байсеміз, Ulysmedia.kz негізін қалаушы Самал Ибраева, «Азаттық радиосы» өкілдігінің директоры Қасым Аманжол және «Jas Qazaq» газетінің бас редакторы Срайыл Смаиыл қоғам назарын аударуға арналған ақпарат тактикасын, мемлекеттік коммуникацияның ашықтығы және медиадағы хайптың рөлі туралы пікір алмасты. Спикерлер қоғамның ақпаратты қабылдау психологиясы, БАҚ пен билік арасындағы коммуникация және медианың жауапкершілігі жайында тәжірибесін ортаға салды.

«Медиада хайп қуып, журналистиканың басты миссиясын ұмытатын әріптестеріміз бар. Әрине, журналистің дайындаған материалының рейтиңі жоғары болып, басылым немесе арнаның алға қадам басқаны дұрыс. Алайда «сары басылым» өкілі болу этика мен кәсіби принцип негізіне кереғар ұғым», деп пікір қосты сессия спикерлері.

Биыл медиа жиында бизнес және экономика тақырыбы да сөз болды. «Нишалық медиада қалай табыс табуға болады?» сессиясында Halyk Bank өкілі Мира Халина модератор болып, журналистикадағы кәсіп тақырыбын қозғады. Ulys.kz жетекшісі Самал Ибраева, National Business бас редакторы Ардақ Бөкеева, Musan Group коммерциялық директоры Шынар Алыбаева, Forbes Kazakhstan редакциясының директоры Татьяна Трубачева және LS Aqparat бас редакторы Айнұр Қарғалинова бизнес журналистиканың қайта жандану мүмкіндігі, нишалық контенттің құндылығы, редакциялардың жаңа қаржылық модельдері және жаңа медиа платформалардың ашылуы туралы айтты.

Күннің соңғы маңызды тақырыбының бірі – «Журналистердің цифрлық қауіпсіздігі» мәселесі болды. Internews Kazakhstan ұйымының өкілі Ольга Диденконың модераторлығымен өткен бұл талқылауда Михаил Комиссаров, MediaNet ұйымының жоба менеджері Мөлдір Утегенова және Eurasian Digital Foundation өкілі Елжан Кабышев кейінгі кезде киберқауіпсіздіктің жоқытығ, фишиң, сайттардың бұғатталуы, жеке деректердің қауіпсіздігі сынды мәселелерді қозғады. Спикерлер редакциялардың тұрақты киберқорғанысын күшейту, журналистердің цифрлық гигиенасы және деректерді қорғаудың стратегиялық маңызын атады.

Құрылтай соңында журналист Лұқпан Ахмедьяров «Әлеуметтік желі және журналистік зерттеулер» және «Инклюзивті журналистика» тақырыптарында шеберлік сағатын өткізді. Сонымен қатар DeFacto MediaHab инклюзивті медиасистемасының тәжірибесі таныстырылды. Елмира Смағұлова мен Алмас Мұкажанов Қазақстандағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың медиаконтент жасауға қатысуының маңызын және инклюзивті редакция форматын дамыту тәжірибесін бөлісті.

XVII «Media Құрылтай» биыл да медиа саласының ең өзекті тақырыптарын қамтып, ақпараттық индустриядағы жаңа бағыттарды айқындап берді. Сарапшылар, редакторлар және мемлекеттік орган өкілдері қатысқан бұл алаң медианың болашақ даму жолдарын талқылауға мүмкіндік беріп, саланың одан әрі кәсіби өсуіне ықпал ететін маңызды пікірталастармен ерекшеленді.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай