«Экономиканы тұрақтандырып, қалпына келтіруге уақыт керек». Газа секторының ЖІӨ-сі 83%-ға төмендеп кеткен
Бүгінде Палестина тарихындағы ең күрделі экономикалық дағдарыс Газа секторының экономикасы күйретті. БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясы (ЮНКТАД) жариялаған жаңа есепте анклавтағы ЖІӨ-нің төмендеуі апатты жағдайда деп сипатталған.
ЮНКТАД бас хатшысының орынбасары Педро Мануэль Морено Палестина аумағының 2025 жылға арналған экономикасына қатысты баяндама жасап, ұзақ жылға жалғасқан қақтығыс пен әскери әрекеттер Газа мен Батыс жағалауын күйреткенін атады. Қазіргі ахуал өте күрделі. Газа әлем тарихындағы ең ауыр экономикалық құлдырауға тап болды, – деді бас хатшы.
Газаның ЖІӨ-сі 83%-ға құлдырады
ЮНКТАД есебінде көрсетілгендей, Газаның жалпы ішкі өнімі бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 83%-ға азайған. Жан басына шаққандағы ЖІӨ жылына 161 долларға дейін түсіп, тәулігіне 50 центтен де төмен деңгейге құлдыраған. Сектор экономикасы 2022 жылғы көлемнің небәрі 13%-ын ғана құрап отыр.
ЮНКТАД-тың Палестинаны қолдау бағдарламасының үйлестірушісі, аға экономист Мутасим Элаграа бұл дағдарыстың соңғы жетпіс жылдағы дамуды жойғанын айтты. 2022 жылдан бері Газа экономикасының 87%-ы күйреді. Жан басына шаққан табыс 22 жыл бұрынғы деңгейге қайта түсті. Бұл соңғы онжылдықтағы ең ауыр экономикалық құлдырау, – деді Элаграа. Сондай-ақ Газадағы жұмыссыздық 80%-дан асқан.
Батыс жағалауы да тарихтағы ең ауыр экономикалық дағдарыстың бірін өткеріп жатыр: 2024 жылы ЖІӨ 17%-ға, халықтың жан басына шаққандағы табысы 19%-ға төмендеді.
Есепте Газадағы барлық мектеп пен жоғары оқу орындары қирап, балалардың білім алу мүмкіндігі жойылғаны жазылған. Сарапшылар мұның салдары кейін де зардабын тарттыратын айтты. «Білім беру, адами капитал негіздерінің бәрі жойылды. Газа 70 жылда жеткен жетістігінен айырылды, – деді Палестинаны қолдау бағдарламасының үйлестірушісі.
Аймақтағы ауыл шаруашылығы деңгейі де төмен
ЮНКТАД келтірген дерекке қарағанда, агроөнеркәсіпке тиесілі жердің 86%-ы, су ұңғымаларының 83%-ы бұзылған, жылыжайлардың 71%-ы істен шыққан. Егін егуге жарамды жердің тек 1,5%-ы ғана қалған.
Газаны қалпына келтіру 70 млрд долларды қажет етеді
БҰҰ, ЕО және Дүниежүзілік банк есебіне сәйкес, Газаны толық қалпына келтіру үшін 70 млрд доллардан астам қаржы керек. Қирандыларды толық тазарту 22 жылға, ал жарылмаған оқ-дәрілерді залалсыздандыру 10 жылға созылуы мүмкін.
Еске сала кетелік, 9 қазан күні Израиль мен Палестина билігі бір бітімге келіп, елдегі әскери процесті тоқтатуға уағдаласты. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп өз парақшасында мәлімдеп, бір апта ішінде екі елдің тұтқындары да отанына оралғанын жаздық. Нәтижесінде, Трамп 20 тармақтан тұратын келісім құжатын қабылдады.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай