Сенаттағы отырыс кезінде депутат Сұлтанбек Мәкежанов Үкіметтің бюджет шығындарын оңтайландыру шаралары туралы сұрақ қойды. Жауап берген Премьер-министр Олжас Бектенов қазір Қазақстанның мемлекеттік қарызы ЖІӨ-нің 23,6 пайызына тең екенін айтты. Бектеновтың сөзіне қарағанда, халықаралық стандарттарға сәйкес бұл – төмен деңгей.

Бектенов дамыған мемлекеттердің көбінде мемлекеттік қарыз 50–80 пайыздан асып, кейбірінде 100 пайыздан да жоғары екенін атады. Алайда премьер мұндай үлгіні дұрыс деп санамайтынын, керісінше Қазақстан үшін қарыз жүктемесінің барынша төмен болуы маңызды екенін айтты. Үкімет осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізуін тоқтатпау керек деп пікір білдірді.

Премьер-министрдің айтуына қарағанда, Fitch, Moody’s және S&P сынды халықаралық рейтинг агенттіктері Қазақстанның қаржылық тұрақтылығын оң бағалап келеді. Аймақта тек Қазақстан ғана инвестициялық рейтингке ие, бұл сырттан қаржы тартқанда тиімді шарттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Олжас Бектенов қазан айында шығарылған еурооблигацияларды мысалға келтірді: олардың пайыздық мөлшерлемесі 4,4 болған. Бұл инвесторлардың Қазақстан экономикасына деген сенімінің нақты көрінісі екенін атап өтті.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай