Алматы қаласы Бостандық ауданындағы 2500 оқушыға арналған жаңа №224 мектептің басшылығы ашылу салтанатында білім қазақ тілінде ғана берілетінін айтқан еді. Алайда желіде белсенділердің мектептің білім беру тіліне қатысты тағы да жазбалары тарады. Сондай-ақ Enbek.kz бос жұмыс орын жарияланатын платформасында орыс тілінде білім беретін ұстаздарға вакансия ашылғаны жайлы хабарландыру жүктелген. Яғни, 224-мектеп басшылығы білім ордасына орыс тілді мұғалімдерді жинап, оқу жылын аралас тілді білім беру жүйесінде жалғастырмақ деген болжам бар.

Дереккөз: enbek.kz

Еске сала кетелік, 31 қазанға дейін Алматы әкімдігінде ата-аналар үш рет жиналып, мектептің қазақ тілінде ғана жұмыс істеуін сұраған. Алайда көп ұзамай мектеп аралас тілді білім беруі мүмкін деген ақпарат тарады. 29 қазанда мектепке құжат қабылдау басталды. 31 қазан, сағат 13:00-дегі мәлімет бойынша, 1002 өтініш берілген: оның 779-ы – қазақ сыныбына, 223-і – орыс сыныбына.

Ықшамауданға кіретін 633 баланың 611-і қазақ сыныбын таңдаған. Ал мектепке қазақ тілінде сабақ беретін 55 мұғалім жұмысқа қабылданса, тағы 12 педагог басқа мектептен ауысып келген. Орыс сыныбында әзірге мұғалім жоқ. Сол себепті мектеп II тоқсаннан бастап толық қазақ тілінде ашылған. Осыған қарамастан, кей ата-ана орыс сыныбының да ашылуын талап етіп отыр. Бұл мектеп бастапқыда қазақ тілінде білім беретін оқу орны ретінде тіркелсе де, орыс тілінде оқытатын мұғалімге сұрау жариялап отырғаны жайлы дерек тарады. Белсенділер мұғалім табыса, қазақ тілді мектеп аралас мектепке айналуы мүмкін деп алаңдайды.

Ата-ана талабы қандай?

Жергілікті тұрғындар аралас мектепті талап еткен ата-аналар әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратып жатқанын айтады. Чаттарда уақытша тіркеу жасап, балаларды орыс сыныбына өткізу туралы хабарламалар да тараған. Тұрғындар бұл жағдайға Алматы қаласы Білім басқармасының басшылығын кінәлайды. Тұрғындардың пікіріне қарағанда, бастапқыда түсіндіру жұмысы дұрыс жүргізілгенде, дау мұншалықты өршімес еді.

ELORDAMEDIA тілшісі оқиғаға қатысты желіде 224-мектептің дауын кең талқыға салып жүрген Бибінұр Нұршекеннен пікір алды. Бибінұр Нұршекен де балаларын қазақ тілді мектепке беруді қалаған, сондай-ақ ата-ана ретінде аралас тілді ашылмақ болған мектепке наразылық білдіргендер қатарында бар. Белсендінің айтуына қарағанда, әзірше бұл тек сыбыс қана, мектептің білім беру тіліне қатысты нақты ақпарат алмаған. «Таза қазақ тілді мектеп болуын қалаймыз. Балаларымызды №65 орыс-қазақ мектебінен ауыстырдық. Қазір жаңа мектепке қуана барып жүр», — деп пікір білдірді. Мектеп аралас тілді болып өзгерген жағдайда қайта ойлануы мүмкін екенін, 224-мектеп қазақ тілінде ашылған соң аралас білім ордасынан балаларын ауыстырып алғанын алға тартты.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай