Қазақстан ат спортының жылқыларын Біріккен Араб Әмірліктеріне экспорттауды бастамақ. Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауына қарағанда, қазір экспортқа дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ ондаған елге ет, сүт және ара шаруашылығы өнімдерінің экспорты кеңейтіліп жатыр, деп хабарлайды Kursiv басылымы.

«БАӘ-ге ат спортының жылқыларын экспорттауға дайындық жүргізіліп жатыр, ал Ұлыбританияға ірі қара малдың эмбриондарына сертификат жіберілді», – делінген хабарламада.

Жылқыдан бөлек, Қазақстан түрлі елге бие және түйе сүтін (Жапонияға), балмұздақ (Оңтүстік Кореяға), сүт және ет өнімдерін (Малайзияға) экспорттауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ Бруней, Вьетнам, Таиланд, Сингапур және Катарға өнім жеткізу жоспарда бар.

Қазір еліміздің ауылшаруашылық өнімдері 15-тен астам елге экспортталады. Олардың қатарында ЕАЭО елдері, ЕО мемлекеттері, Қытай, Моңғолия, Жапония, Әзербайжан, Өзбекстан және Парсы шығанағы елдері бар.

Қытаймен сиыр еті, құс еті, қосалқы өнімдер және тері экспорттау бойынша ветеринарлық хаттамаларға қол қойылған. Қазір жылқы еті, құрғақ бие сүті, салқындатылған қой еті және тіпті шошқа еті бойынша тауар айналымының құжаттары реттеліп жатыр. Қазақстан сондай-ақ ЕО-ға бал экспорттаушы елдер тізіміне енді.

Шетелдік экспорттаушылар тізіміне 3 651 кәсіпорын енгізілді, ал 2025 жылдың тамыз айында 11 жаңа компания экспорттық қызметпен айналысуға рұқсат алды.

Қытай, Ресей, Беларусь, Армения және Түркияны қоса алғанда бірнеше ел бұрын аусыл мен құс тұмауының өршуіне байланысты енгізілген уақытша шектеулерді алып тастады.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай