«ҚазМұнайГаз» заманауи STRYDE сейсбарлау технологиясын енгізді
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы сейсмикалық барлауда жаңа технологиялық серпіліс жасап отыр. Компанияның еншілес ұйымы – «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы Атырау облысындағы Гран кен орнында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар аясында инновациялық STRYDE атты сымсыз деректер тіркеу жүйесін қолданысқа енгізді.
STRYDE – әлемдегі ең ықшам әрі жеңіл автономды қабылдағыштар жүйесі. Салмағы небәрі 150 грамм болатын бұл құрылғылар экстремалды температура жағдайында жұмыс істей алады және үздіксіз дерек жинау режимінде 28 тәулік бойы тоқтаусыз қызмет етеді. Жиналған ақпаратты жүктеу небәрі төрт сағатқа созылады, ал алынған деректердің нақтылығы мен сапасы өте жоғары. Бұл сейсмикалық барлау мәліметтерін өңдеу мен талдау процесін айтарлықтай жеделдетеді.
Жүйенің тағы бір ерекшелігі – оның жоғары тиімділігі. Бір маман өзімен бірге 90 қабылдағышқа дейін тасып, орната алады. STRYDE технологиясының көмегімен сейсмикалық барлау жұмыстарының өнімділігі төрт есеге артып, жұмысқа тартылатын қызметкерлер саны екі есеге азайды. Далалық жабдықтың жалпы салмағы 20 есеге төмендеді, техника көлемі 80 пайызға қысқарды, ал жұмыстардың жалпы ұзақтығы орта есеппен 30 пайызға қысқарған. Мұның барлығы шығындарды азайтып, өндірістік қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Жаңа жүйе кабельдік инфрақұрылым мен ауыр техниканы қажет етпейді, бұл қоршаған ортаға түсетін салмақты барынша азайтады. Сонымен қатар экологиялық тұрғыдан қауіпсіз әрі тиімді шешім. STRYDE технологиясын енгізу арқылы «Ембімұнайгаз» табиғатты сақтау мен өндірістік процестерді оңтайландыру бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізді.
Жобаға С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің жас мамандары да қатысып жатыр. Бұл бастама студенттер мен жас инженерлерге тәжірибелік білім алуға және инновациялық технологиялармен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Жоба қазақстандық ғылыми кадрлардың дамуына және мұнай-газ саласындағы зерттеу әлеуетінің артуына ықпал етпек.
Заманауи сейсмикалық деректер кен орындарын жаңа көзқараспен зерттеуге жол ашады. Мұндай технологияның арқасында компаниялар мұнай мен газ қорлары сарқылып келе жатқан учаскелердің әлеуетін қайта бағалап, олардың жұмыс мерзімін ұзартуға мүмкіндік алады. «ҚазМұнайГаз» басшылығы Гран жобасын ғылым мен технологияның үйлесімділігінің айқын үлгісі деп бағалап отыр.

Аталған жоба «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының «Самғау» ғылыми-технологиялық бастамалар орталығы, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті және британдық STRYDE технологиясының Қазақстан мен Орталық Азиядағы ресми өкілі «Samga Petroleum» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай