Газа секторындағы ХАМАС жетекшілері соғыстың аяқталып, Израильмен бір бітімге келгенін мәлім етті
Газа секторында екі жылға созылған соғыс шешімін тауып, қос тарап бір бітімге келді. Бұл туралы 9 қазан Дональд Трамп өз парақшасында жазған еді. Кейін ХАМАС тобының жетекшілері де келісімге келіп, соғыстың аяқталғанын растады. Аталмыш келісім Рафах шекара өткелін екі жақты ашуды көздейді. Сондай-ақ, Ираиль түрмеге түскен палестиналық әйелдер мен балаларды босатуға міндеттелді. Ұйым ара ағайын елдер мен АҚШ үкіметінен кепілдікке тұтқын алғанын да мәлімдеді.
Айта кетелік, Израиль мен Палестина соғыстың аяқталуына байланысты тұтқын алмасу процесін бастады. Израиль үкіметі Палестина билігіне Газа секторында ұстап отырған барлық тұтқынды босатуы жайлы үндеу жасады. Босаған израильдықтардың орнына 2000-нан астам палестиналық тұтқынды еліне қайтаруға келісіп, мәмілені мақұлдады.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың тобы X әлеуметтік желісіндегі хабарламада үкіметтің келісімді қолдағанын және оның аясында барлық тұтқынды, соның ішінде қаза тапқандардың мәйітін де қайтару қарастырылғанын мәлімдеді.
Джаред Кушнер мен Трамптың Таяу Шығыстағы арнаулы өкілі Стив Виткофф келіссөзге қатысты. Кездесуге Израиль басшысы Нетаньяху да қатысты. Келісімге сәйкес, алдағы үш күн ішінде тұтқындар босайды.
Кездесуден кейінгі видеоүндеуінде Нетаньяху: «Мен Джаред Кушнер мен Стив Виткоффқа жеке алғысымды білдіргім келеді. Соңғы екі жыл біз үшін шешуші кезең болды. Осы уақыт ішінде біз әскери мақсатымызға жету үшін күрестік. Бастысы барлық тұтқынды, аман сарбаздарымызды да, қаза тапқандарын да азат ету еді. Енді біз сол мақсатқа жетуге жақынбыз», — деп қайырды.
Дональд Трамптың 20 тармақтан тұратын бейбіт жоспары осы келісімнің негізіне айналды. ХАМАС Газа секторында қалған 48 тұтқынды босатуға уәде берді, олардың 20-сы тірі деп саналады. Ал Израиль 2000-ға жуық палестиналықты түрмеден босатып, БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар арқылы Газаға гуманитарлық көмектің еш кедергісіз жетуіне рұқсат бермек.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай