«Қайрат – Реал Мадрид»: Алматыда жанкүйерлер үшін автобустар тегін қатынайды
Бүгін Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде Орталық стадионда өтетін «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы матчтан кейін көрермен үшін 60 арнаулы автобус тегін қатынамақ.
Алматы әкімдігінің дерегіне қарағанда, стадион испандық клубты қабылдауға толық дайын. Ойын өтетін алаң халықаралық талаптарға сай келіп, жарықтандыру жүйесі мен инфрақұрылым тексерістен өткен. Төрешілер мен футболшыларға барлық жағдай жасалып, киім ауыстыратын бөлмелер қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Сондай-ақ нысанның ішкі көрінісі жаңартылды: трибуналарға жөндеу жүргізіліп, сәулетіне жаңа суреттер салынды. Көрерменнің жайлылығы үшін 1,5 мыңнан аса орындық ауыстырылып, қосымша 60 биодәретхана орнатылды.
Қауіпсіздік те назардан тыс қалған жоқ: кіреберістерге металл детекторлар мен қол сканерлері қойылды. Стадион аумағында жедел жәрдем көліктері мен өрт сөндірушілер кезекшілік етеді, эвакуация жоспары мен дабыл жүйелері тексерілді.
Матч біткен соң автобустар Абай, Сәтбаев және Байтұрсынұлы көшелерімен жүріп, 6 бағыт бойынша қатынайды:
- 1. Орталық стадион – «Алматы Арена» (A1 белгішесі бар автобус);
- 2. Орталық стадион – Райымбек/Алатау (A2 белгішесі бар автобус);
- 3. Орталық стадион – Алматы-1 теміржол вокзалы (A3 белгішесі бар автобус);
- 4. Орталық стадион – «Орбита» шағын ауданы (A4 белгішесі бар автобус);
- 5. Орталық стадион – «Жұлдыз» шағын ауданы (A5 белгішесі бар автобус);
- 6. Орталық стадион – Әуежай (A6 белгішесі бар автобус).
Сондай-ақ қаланың метрополитен желісі де жұмыс уақытын 01:00-ге дейін созды. «Байқоңыр» мен «М.Әуезов атындағы драма театр» бекеттерінде қауіпсіздікті сақтау мақсатында қызметкерлер жұмыс істеп, жолаушыларға көмек көрсетпек.
Еске сала кетелік бүгін 21:45-те Алматылық «Қайрат» пен Испаниялық «Реал Мадрид» футбол топтарының арасында матч өтеді. Ойынға билеттер 23 қыркүйекте сатылымға шығып, 1 күн ішінде солдаут болды. Ойынға билет бағасы 30 мың — 250 мың теңге аралығында екенін жазған едік. Желі қолданушылары билет сатылымы кезіндегі кезектің ұзақ екенін, техникалық ақаулар да болғанын хабарлады.
Бүгін өтетін матчтан Қазақстанға түсетін пайда көлемі де белгілі болды. Егер Орталық стадионда өтетін ойынға 4 мыңнан астам турист барса, 2-3 млрд теңге қаржы түсуі мүмкін. Бұл Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Қарипбаев мәлімдеді.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай