ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бисембаев қызметінен кетті: Жаңа министр жайлы не белгілі?
Ресми ақпаратта «Мемлекет басшысының Жарлығымен Ғани Бектайұлы Бейсембаев Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі лауазымынан босатылды», – деп жазылған. Ғани Бисембаевтың орнына министрлікке Жұлдыз Сүлейменова келді. Жаңа басшыны Президент жеке кездесуге шақырып, нақты міндеттер жүктеді. Бұл жайлы Ақорда өзінің ресми сайтында мәлім етті.
Еске сала кетелік, Ғани Бейсембаев 2023 жылдың қаңтар айынан бері Оқу-ағарту министрлігінде қызмет етті.
Ғани Бисембаев жайлы…
Ғани Бисембаев — 1969 жылы 3 маусымда Қызылорда облысында дүниеге келді. Қазақстандық қоғам және мемлекет қайраткері, психология ғылымдарының PhD. Мамандығы бойынша «қазақ тілі әдебиеті пәнінің мұғалімі». Министрлікке дейін Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында президент ретінде қызмет атқарды.
Өз еңбек жолын мәдениет, білім саласынан бастады. Алғашында мұғалім болған Ғани Бисембаев кейін, түрлі ғылыми орталықтардың директор лауазымын атқарды. 2022 ж. наурыз–тамыз айларында ҚР Білім және ғылым вице-министрі болып, 2022 ж. тамыз–2023 ж. қаңтар аралығында ҚР Оқу-ағарту вице-министрі болып жұмыс істеді. 2025 жылғы 29 қыркүйекте Қазақстан Президентінің Жарлығымен министрлік лауазымынан босатылды.
Жаңа министр жайлы не білеміз?
Жұлдыз Сүлейменова — 1983 жылы 25 тамызда Ақтөбе облысында дүниеге келді. Қазақстандық мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы, PhD докторы. 2025 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі. Бұған дейін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VII және VIII шақырылымдарының депутаты, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, Ұлттық құрылтайдың мүшесі болған.
Жұлдыз Сүлейменова 2000–2004 жылдар аралығында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Тарих факультетінде білім алды. Студенттік жылдары ҚазҰУ-дың студенттік өзін-өзі басқару ұйымына да жетекшілік еткен. Еліміздің түрді орта мектептері мен ЖОО-ларында басшылық қызметтерде болды. 2021–2023 жж. — Мәжіліс депутаты (VII шақырылым) болып, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі ретінде саяси жолын бастады. 2023–2025 жж. — Мәжіліс депутаты (VIII шақырылым), «AMANAT» партиясы фракциясы жетекшісінің орынбасары, партияның Әйелдер қанатының тең төрағасы болды. 2025 ж. 29 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі болып тағайындалды.
Заңнамадағы бастамалары
«Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасын әзірлеу және талқылау жөніндегі жұмыс тобына жетекшілік етті. Әйелдердің құқығын қорғау туралы заңның авторы, бұл құжат тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы шараларды күшейтуді қарастырады. Білім беру жүйесін жетілдіру, әсіресе ауылдық жерлерде қыздар мен әйелдердің ғылымға, сапалы білімге қол жеткізуін арттыруға бастамашы болды.
Ұстанымдары мен көзқарасы
Жұлдыз Сүлейменова өз қызметінде әлеуметтік әділеттілік, ашықтық және қоғамның шешім қабылдау үдерісіне қатысуын қолдайды. Оның басты ұстанымдары: Әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнаманы жетілдіру; Білім беру жүйесін жаңғырту, ауылдық өңірлердегі білім сапасын арттыру; Азаматтық қоғамды дамыту, мемлекеттік органдардың ашықтығын күшейту; Әлеуметтік қорғау — халықтың әлсіз топтарына қолдау көрсету.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай