Мектеп бағдарламасына жаңа оқулықтар енгізілмек
29 қыркүйектен бастап еліміздің 34 пилоттық мектебінде 2026–2027 оқу жылына арналған жаңа оқулықтардың апробациясы қолға алынды. Бұл жұмысты ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім мазмұнын сараптау республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырып отыр.
Кітаптарды сынау 4-сынып оқушыларына арналған «Қазақ тілі», «Орыс тілі» (қазақ тілінде оқытатын мектептер үшін), «Математика» (қазақ және орыс тілдерінде), «Дүниетану», «Әдебиет» пәндері бойынша, сондай-ақ 7–10 сыныптарға арналған «Дүниежүзі тарихы», «Алгебра», «Қазақ тілі», «Химия», «Биология», «Физика», «География», «Құқық негіздері» және ағылшын, неміс, француз тілдеріндегі «Шетел тілі» пәндерінің оқулықтарын қамтиды.
«Апробацияның мақсаты – жаңа оқу бағдарламасына сәйкес әзірленген оқулықтардың артықшылықтары мен кемшін тұстарын айқындау, мектептер үшін ең қолайлы оқу материалдарын іріктеу. Бұл процесс оқулықтарды қолданысқа енгізбестен бұрын оқушыларға ең сапалы әрі тиімді нұсқаны таңдауға мүмкіндік береді», — деді орталық директоры Назира Абдрахманова.
Сынақ жұмыстарына мұғалімдермен қатар оқушылар да қатысып, оқулықтардың мазмұны мен қолайлылығына қатысты жан-жақты пікір білдіре алады. Айта кетелік, орталық оқулықтарды бес кезең бойынша сараптайды: ғылыми-педагогикалық талдау, жетілдіру, пилоттық мектептерде апробация, қоғам талқысы және пән комиссияның қорытындысы.
Сондай-ақ сарапшы болуға ниетті педагогтер bmso.kz ресми сайты арқылы сауалнама толтырып, өтінім бере алады.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай