АҚШ Қазақстан экономикасына 100 млрд доллар құйды

Тоқаев: АҚШ Қазақстанға 100 млрд доллар инвестиция құйды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркке жасаған сапарында АҚШ-тың ірі компания өкілдерімен өткен дөңгелек үстел отырысына қатысты.
Ақорданың баспасөз орталығының хабарлауына қарағанда, президентіміз еліміздің жоспарына шолу жасап, америкалық инвесторларға сенім білдіргені үшін алғыс білдіріп, алдағы уақытта бірігіп жұмыс істеуге ниет білдірді.
Энергетика және уран
Тоқаевтың айтуына қарағанда, Қазақстан әлемдік уран нарығында басты өндіруші болып қалмақ және АҚШ үшін маңызды серіктес. «АҚШ-тың уран импортының шамамен 24%-ы біздің елге тиесілі. Жалпы алғанда, Қазақстан бұл стратегиялық шикізатқа деген әлемдік сұраныстың шамамен 40%-ын қамтамасыз етіп отыр», – деді мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, Астана америкалық компаниялармен геологиялық барлау, өндіру және уранды қайта өңдеу саласында ынтымақтастықты кеңейтуге дайын. Президент нарықтық экономиканың аталған секторы үшін бірнеше жобаға дайын екенін алға тартты.
Сондай-ақ президент мыс, литий, графит және вольфрам сияқты аса маңызды шикізатқа да тоқталды. Қазақстанмен серіктес болуға қазірдің өзінде Ivanhoe, Rio Tinto және Anglo Teck сынды жаһандық компаниялар қызығушылық танытып жатыр.
«АҚШ – негізгі серіктестеріміздің бірі»
Тоқаев Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестік тұрақты дамып келе жатқанын айтты: «Біз АҚШ-ты маңызды стратегиялық серіктесіміз деп санаймыз және жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға мүдделіміз», – деді Президент.
Ол АҚШ Қазақстан экономикасына 100 млрд доллардан астам инвестиция құйып, ең ірі инвесторға айналғанын еске салды. Бүгінде елде Chevron, ExxonMobil, Boeing, Visa, Mastercard, Meta және Citibank секілді 630-дан астам америкалық компания жұмыс істейді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы көлік және логистика саласына назар аударды. Ол Wabtec компаниясымен құны 4 млрд доллардан асатын жаңа келісімге қол қойылғанын хабарлады. Бұдан бөлек, Қазақстан Boeing-пен серіктестігін жалғастырады.
Агроөнеркәсіптік кешен және цифрландыру
Президент өз сөзінде агроөнеркәсіп пен елдегі цифрландыру жайын да қозғады.
«Қазақстан игеретін жер көлемі бойынша әлемде алтыншы орында. Біз америкалық компанияларды ауыл шаруашылығы әлеуетімізді дамытуға шақырамыз», – деді Тоқаев. Оның айтуынша, елде қазірдің өзінде PepsiCo мен Mars жобалары жүзеге асырылып жатыр, ал болашақта бірлескен Аграрлық инновациялық бағдарлама құрылмақ.
Цифрлық салада Қазақстан үш жыл ішінде толық цифрланған мемлекетке және Еуразияның IT-хабына айналуды көздейді. Елдің экожүйесінде қазірдің өзінде Nvidia, Amazon, Starlink және Microsoft жұмыс істеп жатыр.
Білім және мәдениет
Президент Қазақстанда шетелдік университеттердің 33 филиалы ашылғанын хабарлады. Олардың қатарында Аризона университеті мен Нью-Йорк киноакадемиясы бар. «Болашақ» бағдарламасы бойынша 800-ден астам қазақстандық Гарвардта, MIT, Стэнфордта және АҚШ-тың басқа да беделді жоғары оқу орындарында білім алып жатыр.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде Қазақстан Президентімен өткен келіссөз туралы жайлы жазған еді. Америкалық көшбасшы Тоқаевты тарихтағы ең ірі $4,2 млрд көлеміндегі келісімшартқа қол қоюымен құттықтады.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай