Франция құрамасы мен «Пари Сен-Жерменнің» 28 жастағы шабуылшысы Усман Дембеле алғаш рет әлемнің ең үздік футболшысына берілетін беделді «Алтын доп» жүлдесіне ие болды. 22 қыркүйек күні кешке Париждегі Шатле театрында өткен 69-шы салтанатты рәсімде 2024-2025 жылдың лауреаттары марапатталды.

Чемпиондар лигасын жеңгеннен кейін негізгі үміткер ретінде Дембеле аталды. Өткен маусымда париждіктермен бірге ол Франция чемпионатын, Кубогын және Суперкубогын жеңіп алды. Сондай-ақ АҚШ-та өткен клубтар арасындағы әлем біріншілігінде күміс жүлдегер атанды. Маусым қорытындысы бойынша Вернон қаласының тумасы 35 гол соғып, 16 пас берген.

Дембеле әлемде бұл трофейді алған алтыншы франциялық. Бұған дейін оны Раймон Копа, Мишель Платини, Жан-Пьер Папен, Зинедин Зидан және Карим Бензема иеленген еді.

Усман Дембеле

Шабуылшы. 1997 жылы 15 мамырда Францияның Вернон қаласында туған. «Ренн» академиясының түлегі. Ойыншы ретінде «Ренн» (Франция, 2014–2016), «Боруссия Дортмунд» (Германия, 2016–2017), «Барселона» (Испания, 2017–2023), «ПСЖ» (Франция, 2023 жылдан бері) командаларында ойын көрсетті. 2025 жылғы Чемпиондар лигасының жеңімпазы. Испанияның футболдан үш дүркін чемпионы (2018, 2019, 2023). Испания кубогын (2018, 2021) және суперкубогын (2018, 2023) екі реттен иеленген. Францияның екі дүркін чемпионы (2024, 2025), Франция кубогын (2024, 2025) және суперкубогын (2023, 2024) жеңіп алған. Германия Кубогының иегері (2017). Франция құрамасында 57 матч өткізіп, 7 гол соққан. 2018 жылғы әлем чемпионы. Дауыс беру қорытындысы бойынша екінші орын 18 жастағы испандық Ламин Ямальға («Барселона»), үшінші орын 39 жастағы португалдық Витиньеға бұйырды. Үздік ондыққа «ПСЖ»-ның бес ойыншысы кірді.

Дереккөз: ELORDAMEDIA

«Алтын доп – 2025» лауреаттары:

«Алтын доп» (Үздік футболшы): Усман Дембеле (Франция, «ПСЖ»)
«Алтын доп» (Үздік футболшы қыз): Айтана Бонмати (Испания, «Барселона»)
Копа трофейі (Үздік жас футболшы): Ламин Ямаль (Испания, «Барселона»)
Копа трофейі (Үздік жас футболшы қыз): Вики Лопес (Испания, «Барселона»)
Яшин трофейі (Үздік қақпашы): Джанлуиджи Доннарумма (Италия, «ПСЖ»/«Манчестер Сити»)
Яшин трофейі (Үздік қақпашы қыз): Ханна Хэмптон (Англия, «Челси»)
Герд Мюллер трофейі (Үздік сұрмерген): Виктор Дьекереш (Швеция, «Спортинг»/«Арсенал»)
Герд Мюллер трофейі (Үздік сұрмерген қыз): Эва Пайор (Польша, «Барселона»)
Йохан Кройф трофейі (Үздік бапкер): Луис Энрике (Испания, «ПСЖ»)
Йохан Кройф трофейі (Үздік бапкер қыз): Сарина Вигман (Нидерланды, Англия құрамасы)
Үздік ерлер клубы: «ПСЖ» (Франция)
Үздік әйелдер клубы: «Арсенал» (Англия)
Сократес трофейі (Қоғамдық қызмет үшін): Fundación Xana

«Алтын доп» — француздың France Football журналы тағайындайтын, маусым қорытындысы бойынша әлемнің үздік футболшысына берілетін жыл сайынғы марапат. Аталмыш жүлде футболшы үшін ең беделді марапат саналады. Жеңімпазды ұлттық құрамалардың жаттықтырушылары, капитандары және спорт журналистері дауыс беру арқылы анықтайды. Алғаш рет «Алтын доп» 1956 жылы табысталған. Жүлдені ең көп иеленген рекордшы — Лионель Месси.

Алтын доптың 15 келілік трофейі жыл сайын Mellerio dits Meller зергерлік үйінде жасалады. «Алтын доптың» негізі — жез (мыспен мырыш қоспасы), сырты 18 караттық алтынмен қапталған, салмағы 5 кг. Кейбір деректерге сәйкес, оның құны $13,5 мыңнан асады.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай