«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы әріптестеріне ақ тілегін жолдап, кәсіби мереке күнінде құтты болсын айтты

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов әріптестеріне ақ тілегін жолдап, кәсіби мереке ─ Қазақстан Республикасының мұнай-газ кешені қызметкерлері күнінде құтты болсын айтты.
ҚМГ құрылымында 80 мыңнан астам адам еңбек етеді. Басқарма төрағасы «ҚазМұнайГаздың» ел экономикасындағы биік тұғыры мен стратегиялық маңызына тоқталып, қызметкерлерінің кәсіби тұрғыдан дамытуға ерекше ден қойып отырғанын жеткізді:
— Компания өндірістегі жұмысшыларға жайлы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар жасау және қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар кәсіптік оқыту, біліктілікті арттыру, тағылымдамаға жіберу және тәжірибе алмасуға ерекше мән беріп келеді. Мұнайшылар күні — Сіздердің жоғары жауапкершілікпен атқарып жатқан қажырлы еңбектеріңізге көрсетілетін құрметтің белгісі, — деді Хасенов.
Сонымен қатар Асхат Хасенов компанияның еңбек ету жолындағы мақсат-міндетін айқындады:
— Еліміздің мұнай-газ қорын молайтып, өндіріс қарқынын арттыру мақсатында «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» жұмыла еңбек ету ─ біздің ортақ міндетіміз. Бұл бағытта ҚазМұнайГаз геологиялық барлау, мұнай өндіру, тасымалдау, өңдеу, мұнай-газ химиясы және әлеуметтік жобаларды жан-жақты іске асыруда. Саланың жарқын болашағы ─ осындай үлкен ұжымның ұйымшыл болып, жемісті жұмыс істеуіне тікелей байланысты.
«Ырыс алды ынтымақ» деп дана халқымыз айтқандай, еңбек ұжымдарындағы ауызбіршілік өндіріс тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Барша мұнай-газ саласы қызметкерлеріне зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға бақ-береке, жауапты жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін. Еңбектеріңіз әрдайым жарқын болашаққа жетелеп, құрметке ие болсын! — деп түйіндеді төраға.