Қазақстан мен Қырғызстанның тауар айналымы жоғары

Қазақстанның Орта Азия елдерінің қатарындағы негізгі стратегиялық серіктестесінің бірі – Қырғызстан. Екі елдің импорт-экспорт көлемі жыл санап артып келеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорданың баспасөз қызметіне мәлімдеді.

«Екіжақты сауда айналымы шамамен 2 млрд долларға жетті. Бұл көрсеткішті арттыруға барлық мүмкіндік бар. Инвестиция ынтымақтастығы жыл сайын артып келеді, бұл бірқатар бірлескен жобаны сәтті іске асыруға мүмкіндік берді. Біз су-энергетика саласында ортақ жоба жүргіземіз. Мәдени-гуманитарлық саладағы байланысымыз да нығая түсті», – деді Тоқаев Қазақстан мен Қырғызстанның Бішкекте өткен жетінші Жоғары мемлекетаралық кеңесінің отырысында.

Президенттің айтуына қарағанда, қос ел арасында серіктестік стратегиясы мен одақтастық сенімді түрде дамып келеді. Отырыс барысында сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, су-энергетикалық және мәдени-гуманитарлық саласындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды.

 Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Қазақстанмен қарым-қатынасты барлық бағытта нығайтуға мүдделі екенін, бұл достық, көрші ел және бауырластық шеңберінде жүзеге асатынын атап өтті. «Қазақстан – біздің ең жақын көршіміз, бауырлас ел, Қырғызстанның сыртқы саясатында ерекше орын алатын, негізгі сауда серіктестесіміздің бірі», – деді Жапаров.

Болашаққа жоспар: тауар айналымын 3 млрд долларға жеткізу

Ресми делегация мүшелері екіжақты тауар айналымын 2030 жылға дейін 3 млрд АҚШ долларына жеткізуге арналған Жол картасы және басқа да үкіметаралық және ведомстволық құжаттарға қол қойды.

Былтыр тауар айналымы 1.5 млрд доллар болды

Еске сала кетелік, былтыр Қазақстан мен Қырғызстанның тауар айналымы 1,5 млрд долларға жетті. Келіссөздер барысында бұл көрсеткішті биыл 2 млрд долларға жеткізу көзделетіні айтылған еді. Қазақстан Қырғызстанға былтырдың өзінде 195 тауар түрі бойынша экспорт көлемін арттырды. Нарықтағы айналымның жалпы құны 260 млн доллар болды. Ал 2024 жылдың 8 айында екі ел арасындағы жүкті автомобильмен экспорт-импорт тасымалы 4,1%-ға артып, 3 млн тоннаға жеткен.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай