Әлеуметтік желіде «Меломан-MARWIN» дүкендер желісіне қатысты дау туындады. Қазақстандықтар бұл дүкенде Ресейдегідей «шетагенттер» белгісі бар кітаптардың сатылуына наразы.

Threads желісінің @nurkhanintown есімді қолданушысы Marwin дүкенінде шетагенттер белгісі бар кітаптар сатылып жатқанын айтып, жазба жариялаған. Атап айтқанда, бұл Франц Кафканың «Өзгеріс» шығармасы. Кітапқа себепсіз «шетагент Ирина Щербакова тарапынан шығарылған немесе таратылған» деген белгі қойылған. Ирина Щербакова – белгілі тарихшы және адам құқығын қорғаушы, биыл наурызда Иринаға Ресейде соғысқа қарсы ұстанымы үшін «шетелдік агент» деп танылған.

Желіде жарияланған аталмыш жазбадан соң көпшілік «Меломан» дүкенін сынға алды. Компанияның Қазақстанда не себепті Ресей стандарты бойынша жұмыс істейтіні желі қолданушыларының таңданысын тудырды.

Айта кетелік, Қазақстан заңнамасында «шетагент» ұғымы жоқ. Дегенмен, кей пікір білдірушілер «Меломанды» қорғап шықты: олардың ойына қарағанда, проблеманың түп төркіні Ресейлік баспаларда, кітапты Қазақстанға шетагент белгісімен жіберетіндер де солар.

Шетагент — бұл ресми түрде шетелден немесе халықаралық ұйымдардан қаржылай, басқа да қолдау ала тұра отанының қоғамдық, саяси немесе медиа саласында қызмет атқаратын адам немесе ұйымды сипаттайтын ресми атау. Мәселен Ресейде «иноагент»(шетагент) статусын алған адам немесе ұйым ресми түрде шетелдік қаржылай қолдаудан қызмет етеді деп есептеледі. Мұндай статус алғандардан кей есеп беру жұмыстары мен жеке жобаларында «шетелдік агент» деген жазуды көрсету талап етіледі.

 

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай