Белгілі суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Ағымсалы Дүзелханов дүниеден озды. 

Қаралы хабарды көпшілікке Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі естіртті.

Министрлік қазақ бейнелеу өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Ағымсалы Дүзелханұлы Дүзелхановтың мезгілсіз дүниеден өтуіне байланысты орны толмас қазаға ортақтасып, отбасы мен туған-туыстарына, туған халқына қайғырып көңіл айтады.

— Ағымсалы Дүзелханұлы — бейнелеу өнерінде өзіндік қолтаңбасымен дараланған бірегей суретші. Ол шығармалары арқылы халқымыздың рухын, замана тынысын айшықтап, ұлттық өнеріміздің көкжиегін кеңейте түсті. Ұрпақ тәрбиесіне де өлшеусіз еңбек сіңіріп, талай жас суретшінің кәсіби жолын айқындауына жол ашты. Өмірден озғанына қарамастан, оның мол мұрасы мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгілік сақталады. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын, — делінген хабарламада.

Ағымсалы Дүзелханұлы Дүзелханов 1951 жылы 19 тамызда Қызылорда облысы, Қазалы қаласында дүниеге келді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (1996), Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері (2003), Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, ҚР Білім Беру ісінің Үздігі болды.

Қолданбалы графика, плакат, кітап безендіру, кескіндеме, портрет жанрларында еңбек етеді. Тарихи, фольклорлық тақырыптағы және балаларға арналған 200-ден астам кітапты, әлеуметтік және тарихи тақырыптағы 50-ден астам плакатты безендірді.

Туындылары Қазақстанның және шетелдердің өнер мұражайларына қойылған.