Израиль әскері сәрсенбі күні Газа қаласын басып алу операциясын бастағанын жариялап, ондаған мың резервисті шақырды. Ал үкімет екі жылға созылған соғысты уақытша тоқтату үшін бітімге келіп, шешім шығармақ.

«Біз басып алу операциясын бастадық және Газа қаласына шабуыл жалғасып жатыр. Қазірдің өзінде ЦАХАЛ күштері Газа қаласының шекарасында тұр», — деді Израиль қарулы күштерінің өкілі, бригада генералы Эффи Дефрин журналистерге.

Бұған дейін әскери шенеунік резервистер қыркүйекке дейін қызметке шықпайтынын, ХАМАС пен Израиль арасындағы бітімге келу мәселесі талқыланатынын айтқан еді.

Алайда сәрсенбі күні Израиль әскері Газа секторында ХАМАС жасақтарымен қақтығыстан кейін премьер-министр Биньямин Нетаньяху кеңсесі ХАМАС-тың басты объектілерін бақылауға алды. Сондай-ақ 2023 жылғы қазан айында Израильге шабуыл жасаған топты талқандау жұмысы басталатынын айтты.

Израиль халықаралық сынға қарамастан Газа секторындағы соғысты жалғастыратынын алға тартты. Салдарынан босқындар саны тағы артуы мүмкін.

Генерал Дефриннің айтуына қарағанда, қазірдің өзінде әскер шебі қала шетінде операцияны бастады, ал ХАМАС әлдеқайда әлсіреген, партизандық әдіспен ғана әрекет етіп жатыр. «Біз Газа қаласында, террор ұйым ХАМАС-қа қарсы шабуылды күшейтеміз», — деді ол.

Израиль осы айда Газа секторындағы кампанияны кеңейту жоспарын мақұлдады. Бұл жоспар Газа қаласын толық басып алуды көздейді. Қазір Израиль сектор аумағының шамамен 75%-ын бақылауда ұстап отыр.

Израильдің ең жақын одақтастары бұл шешіммен келісаейтіндерін айтып, қайта қарауға шақырғанымен, Нетаньяхуға коалициядағы әсіреоңшыл саясаткерлер қысым көрсетіп жатыр. Олар уақытша бітімнен бас тартып, соғысты жалғастырып, аумақты аннексияламақ.

Әсіреоңшыл министр, қаржы басшысы Бецалель Смотрич сәрсенбі күні оккупацияланған Батыс жағалауға өз жоспарын жүргізіп, елді мекендер салуды мақұлдаған. Бұл жоспарды көптеген елдер сынға алып отыр. Оның айтуына қарағанда, бұл қадам Палестинаның мемлекет деңгейінде кез келген перспективасын жояды.

Соғыстың түйіншегі неде?

Еске сала кетсек, Газа қақтығысы 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС жасақтарының Израильдің оңтүстігіндегі елді мекендерге шабуыл жасап, 1200-ге жуық адамды өлтіріп, 251 адамды тұтқынға алуынан басталды.

Израильдің әуе және құрлықтағы соғысы салдарынан Газа секторында 62 мыңнан астам палестиналық қаза тапты, дейді Газа денсаулық сақтау өкілдері. Қаза тапқандардың басым бөлігі — әйелдер мен балалар.

ХАМАС араб елдерінің делдалдық ұсынысын қабылдап, 60 күндік атысты тоқтатуға келісті. Келісім аясында қалған тұтқындардың бір бөлігін босату және Израильдегі палестиналық тұтқындарды айырбастау қарастырылған.

Израиль билігі қалған 50 тұтқынды дереу босатуды талап етті. Ресми дерек бойынша, олардың шамамен 20-сы тірі.

Қақтығыстан қаза тапқан құрбандар

Сәрсенбі күні Израиль әскері Газа қаласының оңтүстігіндегі Хан-Юнис маңында жер асты туннелінен шыққан 15-тен аса ХАМАС жасағымен қақтығысты. Атыстан бір израильдік сарбаз ауыр, тағы екеуі жеңіл жарақат алды.

ХАМАС-тың «Әл-Қассам бригадалары» операцияны растап, Израильге тура оқ жаудырғанын және бір содыр өзін жарып жібергенін мәлімдеді.

Израиль билігі қала тұрғындарына эвакуация туралы ескерту жасады.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай