Шамамен 10 мемлекет Украинаға әскер жіберуге дайын

Bloomberg-тің хабарлауына қарағанда, бейбіт келісім жасалғаннан кейін Украинаға әскер жіберуге дайын елдердің қатарында Франция мен Ұлыбритания бар. Алайда The Guardian дерегінде, Лондон өз әскерін қақтығыс шебіне орналастыруға қарсы делінген.

Еуропа көшбасшылары 19 тамыз күнгі онлайн кездесуде британ және француз әскери күштерін Украинаға жіберу жоспарын талқылады. Bloomberg агенттігі анонимді дереккөздерге сүйене отырып, Ұлыбритания мен Францияны қоса алғанда, шамамен 10 ел өз әскерін Украинаға жіберуге дайын екенін хабарлады.

Bloomberg басылымының дерегіне сәйкес, еуропалықтар әзірлеп жатқан жоспардың алғашқы кезеңі Украина Қарулы күштерін күшейтуге бағытталған. Бұл жоспар украин әскерін оқыту және жеке құрамды толықтыру арқылы жүзеге аспақ. Оқу-жаттығуға негізінен еуропалық әскери қызметкерлерден құралған «көпұлтты топ» қатысады. Ұлыбритания мен Францияның жүздеген сарбазы Украинаға жіберіліп, майдан шебінен алыс жерде тұрақтайды, деп жазылған. Сондай-ақ бұл жоспарды АҚШ та қолдап отыр. Америка барлау жұмысымен, шекараны бақылаумен, қару-жарақ жеткізіп, әуе қорғаныс құралдарымен қамтуы мүмкін.

Еуропадағы НАТО-ның бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Алексус Гринкевич, сондай-ақ альянсқа мүше елдердің қорғаныс штабтары басшылары кездесуге қатысатыны хабарланды. The Guardian-ның британ үкіметіндегі британ баспасөзінің ақпаратына қарағанда, бұл жиынға Ұлыбритания Қорғаныс штабының басшысы Тони Радакин де қатыспақ. Украинаның әуе және теңіз кеңістігін қорғау үшін Лондон әскери күшінің қажеттілігі жайлы Радакинмен келіссөз жүргізіліп жатыр.

АҚШ Украинаға әскер жібермейді
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт 19 тамызда АҚШ президенті Дональд Трамптың мәлімдемесіне сәйкес, елдің әскери күшін Украинаға мүлдем жібермейтінін растады. «Әрине, біз ұйымдасу мен үйлестіру жұмыстарына атсалысып, еуропалық одақтастарымыздың қауіпсіздігі үшін барлау жұмыстарымен айналысамыз», – деді Ливитт.

Ал Трамптың өзі Fox News телеарнасындағы Fox & Friends бағдарламасына берген сұхбатында Вашингтонның Украинаға әуе қолдауын көрсетуге дайын екенін айтты. «Әуе әскери күшімен қамтамасыз ету мүмкіндігі бізде бар. Меніңше, бұл қиындық тудырмайды», – деп атап өтті Ақ үй басшысы.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай